Жыл басы – наурыздың 13-і жұлдызы Амал мерекесімен басталады. Бұл күнді Амал мерекесі немесе Көрісу күні деп те айтады. Халық қыстан аман-есен шыққанына, көктемге аяқ басып, туыс-туған, көрші-көлеңмен жүздескеніне қуанып, қол алысып, төс қағысады. Бір-біріне деген араздық, өкпе-ренішті ұмытып, амандық тілейді.

Бір кездері ұмыт болыңқыраған бұл дәстүр қазіргі таңда қайта жаңғырып, жалпыхалықтық мерекеге айналды. Өткен жексенбіде Шардара қаласына қарасты Сол жағалау елді мекеніндегі жаңадан бой көтеріп жатқан мешітте өткен Амал мерекесі сөзіміздің айқын дәлелі. Бұл жиынды еңбек ардагері, ауданның "Құрметті азаматы" Сламбек қажы Мергенбаев басқаратын «Үркер-25» қоғамдық бірлестігі мен аудандық ішкі саясат бөлімі бірлесе ұйымдастырды.

Амал мерекесіне жиналған жамағат бір-бірімен қуана қауышып, төс қағыстыра көрісіп, елге амандық, береке-бірлік тілеп жатты. Жайнаған жүздерінен көңілдерінің көтеріңкі екендігін айқын аңғаруға болады. Аға буын өкілдерінің де, жастардың да ұлттық киім киіп жүргендері қандай жарасымды еді! Ақсақалдар жағы ақ дастарқан басында басалқалы әңгіме айтып, бата беріп жатса, жастар жағы даланы ән мен күйге бөлеп жатты. Ұлттық нақышта киінген келіндер тізіле сәлем салғанда жиналған көпшілік «Көп жасаңдар, бақытты болыңдар» деп ақтарыла алғыс айтты.

«Бұл мереке туралы түрлі пікірлер бар. Көрісу күнін зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдардың кейбірі бұл күнді географиялық ерекшеліктермен байланыстырса, кейбірі Наурыз мейрамының алғашқы мерекесі деп қабылдайды. Ал кейбір ғалымдар бұл дәстүрдің шығу төркінін күнтізбенің ауысуымен байланыстырады.

Тарихшылар мәліметіне сүйенсек, 1918 жылдың 24 қаңтарында Григориан күнтізбесі қолданысқа енеді. Бірақ, екі күнтізбе айырмашылығы 13 күн болып қалған. Соған байланысты 1918 жылдың 31 қаңтарында ескі күнтізбені аяқтап, 14 ақпанда келесі айды бастаған. Осы деректі басшылыққа алса 1 наурыз 14 наурызға тап келеді. Ол – жыл басы, күнтізбедегі көктемнің алғашқы күні саналған», – дейді шараны ұйымдастырушылардың бірі «Үркер-25» қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Мергенбаев.

«Көрісу күнін Наурыз мейрамының бастауы деп айтуға болады. Көрісу дәстүрінің мән-мағынасы терең. Ерте заманнан бері көрісу дәстүр ретінде сақталып қалған. Шығыс елдерінің  кезіндегі күнтізбесі бойынша, наурыздың басталуы хамал (амал) айының 1 жұлдызы болып есептеледі. Хамал деп отырғанымыз Тоқты шоқжұлдызының ескі парсыша атауы. Күн мен түн теңелген тұста Тоқты шоқжұлдызы туады деген ұғым қалыптасқан. Амал мерекесі деп аталуы да осыған байланысты. Ал бұл қазіргі күнтізбе бойынша 14 наурызға сәйкес келеді», – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Таласов.

Жиын барысында жасы үлкен ақсақалдар мен ел ағаларына, қажыларға, ауданымыздағы барлық мешіттегі имам молдаларға аталған бірлестік атынан шапан жабылып, сый-сияпаттар табысталды. Аузы дуалы ақсақалдар ақ баталарын берді.

Осылайша жаңа жылдың келгенін әйгілейтін Амал мерекесі шат-шадыман көңілмен атап өтілді.

Өз тілшімізден.