Қазақ әуелден «Келіні жақсының керегесі алтын» деп босағадан аттаған жас келіннің тәрбиесі мен көрген-түйгеніне үлкен мән берген. Ғасырлардан келе жатқан осы үрдіс бүгін де өз маңыздылығын жойған жоқ.
Шағаласы шулаған Шардара қаласындағы жеке кәсіпкер, ибалы келін, өзі әмбебап Лаура Қамбарбекқызының ұйымдастыруымен өткен сайыс соның дәлелі болды.
Байқауды саралап, сараптап, әділ бағасын беру үшін «КЕУ и К» ЖШС директоры Назгүл Молдабекова, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Орынша Қалшабекова, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Ұлдықыз Зейнеділова, аудандық мәдениет сарайы директорының орынбасары Ұлжан Қойлиевалар арнайы келді.
Аталған байқауға отбасының көркін келтіріп, жан-жақтылығымен танылып жүрген келіндеріміз қатысып, өздерінің шыққан тегі мен түскен шаңырағынан мағлұмат беріп таныстырып, өнер сайысында өз өнерлерін ортаға салды. Сонымен қатар қазақы дастарқандарын жайнатып, салт-дәстүрге қатысты сұрақтарға асқан шеберлікпен мүдірмей жауап берді. Қазақы дәстүрдегі киім үлгілерін көрсетіп, бақ сынады.
Байқауда алғаш сөз алған Лаура Қамбарбекқызы «Қай кезде де қазақтың келіндері өздерінің ибалылығымен, инабаттылығымен үлкенге де, кішіге де үлгі бола білген. Байқауды ұйымдастырудағы мақсатым – салт-дәстүрімізді дәріптеу, әдет-ғұрпымызды насихаттау. Бүгінгі өнерлі додада бақ сынағалы тұрған үміткерлерге тек жеңіс тілеймін» деді.
Жан-жақты дайындығымен келген келіндер сайыста өздерінің ерекшеліктерімен танылып, көптің көңілінен шықты. Сайыс қорытындысы бойынша Жазира Уәлиханова 1-орын, «Қазақтың супер келіні» номинациясымен, Жанар Оңғарова 2-орын, «Шардараның дәстүрлі келіні», Қарашаш Серікбаева 3-орынды жеңіп алды.
Сонымен бірге сайысқа қатысқан Нұржамал Жанжігітова «Шардараның үлгілі келіні», «Балайым сән салонының» иесі, жиған жүгі жүзіктен өткендей пысық қыз Әлима Мұхтарқызы «Шардараның инабатты келіні», Жазира Қабылбекқызы «Шардараның қонақжай келіні», Әмина Тыныштық «Шардараның көрікті келіні», Нұрсұлу Санақ «Шардараның шебер келіні», Ару Айдарбекова «Шардараның пысық келіні» номинацияларына ие болды. Жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілді.
Қазақтың инабатты келіні, бүгінгі таңда өз кәсібін дөңгелетіп әкеткен Лаура Байғараева байқаудың өз дәрежесінде өтуіне барынша атсалысқан, сонымен қатар үлкен демеушілік жасаған «Жанқожа» дүкенінің иесі Динара Мұханова мен «КЕУ и К» ЖШС директоры Назгүл Молдабековаға үлкен ризашылығын білдіреді.
Ата-бабамыздың салт-дәстүрін дәріптеп, қазақтың келіндерінің ибалылығын көрсетіп, сайыс ұйымдастарған Лаура ханымға кәсібінде тек сәттілік, отбасына бақыт, деніне саулық тілейміз!
Бота Нұрполатқызы.