Шардара қаласының Орталық стадионында наурыз айының 24-25 күндері футболдан 2009-2010 жылы туылған жасөспірімдер арасында облыс чемпионатының жалауы желбіреді.
Аталған жарысқа облысымыздың түкпір-түкпірінен жиналған 16 команда қатысып, өзара бақ сынасты.
Жарыстың ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев жарысқа қатысушы барша спортшыларға сәттілік тілеп, аудан спортының дамуына үлкен үлес қосып жүрген жанашыр жандарды бағалы сыйлықтармен марапаттады.
Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан тартысты өткен бәсекеде жерлестеріміз алтыннан алқа тағынса, ІІ орынды Қазығұрт ауданының командасы жеңіп алды. Үздік үштікті Арыс қаласынан келген ала доп шеберлері қорытындылады. Осы жарыста Шардара ауданынан үздік жартылай қорғаушы номинациясымен Әмірбай Құдайберген және үздік қақпашы номинациясымен Исрайл Жандос марапатталды.
Жарыс соңында жеңімпаз командаларға кубоктар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Бекжұма Матжанұлы.