Газетіміздің өткен санында жерлесіміз, былтырғы жылы бокстан Азия чемпионы атанған Сәрсенбек Ұлжанның биылғы жылы да Иордания мемлекетінде өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы болғанын сүйіншілей хабарлаған болатынбыз. Ұлжан Азияның екі дүркін чемпионы!

Кешегі аптада елге оралған жеңімпаз қызымыз бен оны осындай биік белестерге бастап жүрген тәжірибелі жаттықтырушы Шыңғыс Демеуовті аудан әкімі Қайрат Жолдыбай мен аудандық мәслихат хатшысы Арман Қарсыбаевтар арнайы қабылдап, екі чемпионатта шашасына шаң жұқтырмаған жеңімпазды арнайы қабылдап, сый-құрмет көрсетті.

«Ұлжан қарындасымыз бойындағы намыс пен қайсарлығының арқасында Азияның екі дүркін чемпионы болып отыр. Қазақ халқының қайсарлығы қарындасымызға қанмен берілгені анық. Ұлжанның алдағы уақыттары да әлемдік додаларда еліміздің намысын қорғай беретініне сенім білдіремін» – деді аудан әкімі Қ.Жолдыбай.

«Спорттағы жақсы көрсеткіштерге тынбай жаттығудың нәтижесінде қол жеткізетініміз белгілі. Ұлжан қарындасымыздың қазіргі көрсеткіші өте жақсы. Шардара спортында бокстан Азияның 2 дүркін чемпионы атанған бірден-бір спортшы болып отыр. Осы қарқынынан танбаса, Ұлжан алдағы уақытта Олимпиада ойындарында жүлдеге таласатын болады» – дейді А.Қарсыбаев.

Арнайы қабылдаулар барысында спортшыға және жаттықтырушыға арнайы Алғыс хат пен  бағалы сыйлықтар тапсырылды.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.