Соңғы уақытта мектепті бітіргендеріне 20, 30, 40 жыл толған түлектер өздері білім алған білім ошағына, туып-өскен ауылдарына түрлі тартулар жасауды дәстүрге айналдырып келеді.

Олардың мұндай игі істеріне әрине, риза боласың.

Биылғы қасиетті Рамазан айы басталар тұста Қоссейіт ауылдық округіне қарасты Сырдария орта мектебін бітіргендеріне 20 жыл болған азаматтар ауыл мешіті жанынан үш бөлмелі үй салып берді. Алла жолында дүниелерін сарп етіп, қайырлы іс жасаған жандар өткен аптада аталған баспананың кілтін салтанатты түрде ауыл имамына табыс етті. Салтанатты жиынға аудандық орталық мешіттің бас имамы Марат Асанов, Ұзын ата ауылдық округі «Ұзын ата» мешітінің имамы, Шардара ауданы бойынша Қажылық бөлімінің жетекші маманы Оразғали Қалыбеков, ауыл имамы Нұрахмет Бижігітов, Қоссейіт ауылдық округінің әкімі Еркінбек Айдынбаев және ауыл тұрғындары мен мешіт жамағаты қатысты.

Алғашқы болып сөз алған ауыл әкімі Е.Айдынбаев ауыл тұрғындарын әз Наурыз мерекесімен құттықтап, бұл күні қыстан аман шықтық деп қуанған жұрт ағайын арасында болған өкпе-ренішті ұмы

тып, бір дастарқан басында табысып, бір-біріне    ізгі тілектерін білдіретінін атап өтті. Сонымен бірге осындай игі шараға атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді.

Аудандық орталық мешітінің бас имамы М.Асанов: «Мұсылман баласының жаны қайырымдылыққа жақын. Әр адам өзінің шама-шарқына қарай жақсылық жасап, қайырымдылық қылады. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын», – деп қазақ нақылында айтқандай, мектеп бітіргендеріне 20 жыл өткен түлектер Алла жолында 10 млн теңге қаражат жұмсап, ауыл мешітінің имамына заман талабына сай үш бөлмелі қызметтік үй тұрғызып, қасиетті жұма күнінде сауабы үзілмейтін игі шара жасады. Алла ниеттерін қабыл етсін» дей келе "Зекет қоры" арқылы қасиетті Шағбан айында үлкен сауапты тірлік істеп, өскелең ұрпаққа үлгі боларлық сауапты амал жасаған азаматтарға ҚМДБ-ның Түркістан облысы өкілдігінің, мешіт жамағатының атынан шынайы алғысын білдірді. Сонымен бірге осы істің басы-қасында жүрген бір топ азаматқа Алғыс хаттар табыстады.

Өз тілшімізден.