Қазақта «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген сөз бар. Осы орайда мен ауданымызда алғаш рет мүгедектер қоғамдық бірлестігін құрып, оны ұзақ уақыт бойы басқарып келген Оңалбек Әшірбаев ағамызды ерекше атап өткім келеді.
Сол кісінің ізін жалғастырып, әрі қарай жетелеп жүрген Қуаныш Ерназар ағамыз. Таяуда осы кісінің ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандарымызға арнап наурыз мерекесіне орай кәсіпкерлердің атынан керемет дастарқан жайылды.
Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Орынша Қалшабекова мүмкіндігі шектеулі жандарды Наурыз мерекесімен құттықтауға арнайы келді. Мерекелік дастарқанда мүмкіндігі шектеулі жандар әуелете ән салып, бір-біріне мерекелік ақ тілектерін айтты.
Мерекелік дастарқан соңында мүмкіндігі шектеулі жандардың атынан аудандық мүгедектер қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қуаныш Ерназар, Оңалбек Әшірбаевтың жары Әзиза Төлбаева, Әлібек Бижановтар ерекше қуаныш пен керемет көтеріңкі көңіл-күй тарту еткен кәсіпкерлерге үлкен алғыстарын білдірді.
Наурыз мерекесі мен Рамазан айының басталуына орай мүмкіндігі шектеулі жандарға «Наурыз дастарқан» ұйымдастырып берген «Жадыра» дәмханасының иелері, жеке кәсіпкер Ербол Қожамұратов пен Мадина Мырзабекова, «Шардара» дәмханасының иесі, жеке кәсіпкер Мұхтар Дауылбаев сынды аға-әпкелерімізге үлкен алғысымызды айтамыз. Кәсіпкерлеріміз осындай мерекелік дастарқанды әр жыл сайын ұйымдастырып отыруды дәстүрге айналдырған. Аузын ашса жүрегі көрінетін, жомарт, қолы ашық кәсіпкерлерімізге жасаған әрбір сауапты істеріне жақсылықтары Алладан еселеніп қайтсын дегіміз келеді. Сіздердің істеріңізге береке, дендеріңізге саулық, Алладан амандық тілейміз.
А.Өсербай.