Халық даналығында мешітті Алланың жердегі үйі деп айтады. Дінді, имандылықты, адамгершілікті насихаттап отыратын мешіттің шынында қоғамда алар орны орасан. Олай болса, мешіттердің әр ауылда бой көтергені де мақұлдарлық іс.

Ислам тарихында мешіт салу – барша пайғамбарлар шұғылданған қадірлі амал. Демек Аллаға құлшылық жасайтын орын тұрғызу әу баста Жаратушының әмірімен болатын іс.

Апта басында Жаушықұм ауылдық округінде ҚМДБ-на филиал болып тіркелген бұрынғы Жаушықұм ауылдық мешітінің орнына жеке кәсіпкер Қонаров Алтынбек Құрманбекұлының демеушілігімен заман талабына сай, биік мұнаралы, алтын күмбезді мешіт бой көтерді. Алла үйінің ашылуын түркі әлемінің астанасы саналатын киелі Түркістан қаласынан келген Әбдулқаһһар қари қасиетті Құран Кәріммен ашты. Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары Нұрмахан Сапаров ауыл тұрғындарын көптен күткен мешіттің ашылуымен құттықтады. Мешітті салуға атсалысқан жеке кәсіпкер Қонаров Алтынбек Құрманбекұлын аудан әкімі атынан Алғыс хатпен марапаттады.

Түркістан қаласынан келген еңбек ардагері Рахым Тәңірбергенов, аудандық қажылар қауымдастығының мүшесі Ислам қажы Омаровтар жиналған жұртшылыққа құттықтау сөздерін айтты.

Мешіттің ашылу салтанатында құттықтау сөз алған Шардара аудандық орталық мешітінің бас имамы Марат Асанов ҚМДБ-ның Түркістан облысы бойынша бас имамы Қарақұлов Еркебұлан Ыбрайымұлының құттықтау сөзін жеткізді. Сонымен бірге аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, ауданның "Құрметті азаматы" Қыстау Ілесов Қонар ақсақалдың өмір жолына кеңінен шолу жасаса, Жаушықұм ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Нұрсейітов ауыл тұрғындарын айтулы іс-шарамен құттықтады. Құттықтау рәсімінен соң қонақтар мен ауыл тұрғындары мешіттің ішіне кіріп, алғашқы сәлем намазын оқыды.

Аталған мешітке Жаушықұм ауылдық округіне қарасты Құйған ауылының тұрғыны, тыл ардагері Қонар ақсақалдың есімін беру туралы ҚМДБ-на ұсыныс жолданып, Төралқа мәжілісінде оң қорытынды алып, Түркістан облыстық Әділет басқармасына «Қонар ата» мешіті болып тіркелген.

Б.НАРБАЙ.