Апта басында ардагерлер үйінде аудандық ардагерлер кеңесінің 3-ші пленумы өтті.

Аталған жиынға ардагерлер кеңесі пленумының 30-ға жуық мүшесі мен аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы Ізтілеу Алтынбек, қалалық қоғамдастықтың төрағасы Жаңабай Жамантай, аудандық әжелер төрайымы Жамал Өтегенқызы, сонымен қатар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағалары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Басқосуды аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауының мазмұнымен таныстырып, жиынды ашып берді.

Жиын барысында «Әкелер мектебі» төрағасы Нұрғали Ыбрайым, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов ағамыз Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы бойынша баяндама жасады. Ал Әжелер алқасының төрайымы Жамал Өтегенқызы, ардагер Тәңірберді Ағманов, қалалық қоғамдастық төрағасы Жамантай Жаңабай Жолдауға қатысты өз ой-пікірлерін айтып, қолдау білдірді. Баяндама бойынша жарыссөзге шыққан ардагерлер кеңесінің мүшелері өздері тұратын ауылдардағы бірқатар мәселелерді көтеріп, қоғамдағы жас пен кәрінің тәрбиесі жайлы сөз қозғап, соларды назарға алу жайында өз өтініштерін айтты.

Пленум барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков 2021 жылы аудандық ардагерлер кеңесінде атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасады.

Пленум соңында күн тәртібіне шығарылған мәселелер бойынша қаулы қабылданып, ұжымдық, қоғамдық талқылаулар ортаға түсті. 

 Ақбота Нұрполатқызы.