Елмен етене болу – еңбек нәтижесін еселейді. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 3 наурызындағы №826 «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес қаламызға бірнеше жылдан бері басшылық етіп келе жатқан қала әкімі Ережеп Бекет Құдайбергенұлы апта барысында қала тұрғындарымен кездесіп, оларды жеке қабылдап, шешуін күткен түйткілді мәселелерін анықтады.
Қала әкімі ең әуелі Абай, Ақбала шағынаудандары тұрғындарының мұң-мұқтажын тыңдады. Тұрғындардың тарапынан электр желісінің тұйықталуындағы кедергілер, көпқабатты үйлерге газ жүргізу, кейбір көшелерде судың көлдеуі, мал жайылымы, көпқабатты үйлердің біршамасында ойын алаңының жоқтығы, көшелерге тас төселу, жарықтандыру секілді ұсыныстар мен өтініштер айтылды. Кездесу барысында ауданның құрметті азаматы Есенбек Қақанов көшелерде малдардың бос жүретіндігі жайлы айтса, Надежда Башарина қаңғыбас иттердің балаларға қауіп әкелетінін сөз етті.
Халықтың өтініші мен ұсынысын тыңдаған қала әкімі Бекет Ережеп Құдайбергенұлы көтерілген мәселелерге нақты әрі тұщымды жауап берді.
Кездесу соңында қала әкімі «Біршама елдімекендерді аралаудамыз. Халықтың көкейінде жүрген мәселелерін тыңдайық, шешімін бірігіп іздейік деген мақсатпен осы кездесуді өткізіп отырмын. Осында көтеріліп отырған мәселелер күн тәртібіне қойылып, шешімін алдағы уақытта міндетті түрде табатын болады», – деді.
Осы мазмұндас кездесулер Майқала, Қызылжар, Мелдеби, Қанай Датқа, Төменгі тоғай, Өтеғұл, Бекет шағынаудандарында жалғасын тапты.
Бота Нұрполатқызы.