ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығы комитетінің 2022 жылғы 17 наурыздағы бұйрығы негізінде, ағымдағы жылдың 18 наурызы мен 31 мамыр айлары аралығында республиканың барлық өңірлерінде «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясын ауқымды түрде өткізу жоспарланған.

Осыған сәйкес кеше Балық шаруашылығы комитетінің ұйымдастыруымен Шардара су қоймасында «Таза су айдындары» табиғат қорғау акциясы өткізілді. Акцияның мақсаты – су айдындарын иесiз балық аулау құралдарынан және жағалау аумақтарын қоқыстардан тазарту арқылы табиғатқа жанашырлықпен қарау болып табылады.

Жиынға жергiлiктi атқарушы органдар, табиғат қорғау мекемелерi, табиғат пайдаланушылары, ерiктiлер, қоғамдық, ғылыми ұйымдардың өкілдері, су айдындарына жақын орналасқан тұрғындар мен оқу орындарының студенттері қатысты. Табиғат қорғау акциясын барлық балық шаруашылығы су айдындары мен учаскелерінде 31 мамырға дейiн үздiксiз өткізу көзделіп отыр.

Шарада сөз сөйлеген Арал-Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Пазылбек Нәлібаев және аудан әкімінің орынбасары Нұрмахан Сапаров табиғатты таза күйінде келешек ұрпаққа сақтауда еліміз үшін бұндай шаралардың маңыздылығы жоғары екендігіне тоқталып, барша қатысушыларға алғыс білдірді.

 Өз тілшімізден.