Ақылына көркі сай бұл бойжеткеннің бойында сұлулық пен зеректік өзара үйлесім тапқан. Тұла бойы мінсіз, ал боксқа деген құштарлығы мен сүйіспеншілігі шексіз.

Ол – Қазақстанның көк туын әлемнің шаршы алаңдарында желбіретіп, елдің еңсесін көтере білген ару. Бокстан Азияның екі дүркін чемпионы атанған Ұлжан Сәрсенбекпен болған ерекше сұхбатымызды сіздерге ұсынбақпыз.

– Ұлжан, алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз?

– Мен Ұлжан Ержанқызы, 2005 жылы 7 ақпанда Шардара қаласында дүниеге келдім. Анам Абдуллаева Ақмарал, әкем Абраймов Ержан. Отбасында жетеуміз. Мен екіншісімін. Жастайымнан спортпен шұғылданғанды жақсы көретінмін. Бос уақытымды тек соған арнайтынмын.  Екі інім де мен секілді спортқа жақын, олар дзюдомен айналысады.

– Ұлжан, сен осы боск әлеміне қалай келдің? Оған біреу себепші болды ма?

– Мені боксқа әкелген ең әуелі Алла. Сосын әкем. Әкем өзі жас кезінен спортқа жақын болатын. Кейін белгілі бір себептермен спорт әлемінен алшақтап қалды.

Бір күні мектебімізге өзін және спортты таныстырып ағайым келді. Арманым мені алға жетелеп адастырмай дәл өзіне алып барды. Арманым мені алдамапты. Мен өзім жаным қалаған істі таптым десем де болады.

– Боксшы болу үшін қандай қасиеттер қажет?

– Иә. Орынды сұрақ. Жалпы бокс пен боксшыны мінез байланыстырады. Яғни, боксшы болу үшін алдымен мінезің дұрыс болу керек. Қанша жерден талантың мен күшің болса да қыңыр мінезді болсаң сен боксшы бола алмайсың. Бокс адам бойындағы шыдамдылық, жүректілік, қайсарлық, табандылық, алға ұмтылу секілді қасиеттерді талап етеді.

– Дұрыс айтасың, боксшы болу оңай емес. Ұлжан, осы уақытқа дейін жеткен жетістіктеріңді атап өтсең?

– Ең алғашқы ірі жарысым 2020 жылы өтті. 54 келі салмақта Қазақстан Республикасының чемпионы болдым. 2021 жылы 57 келі салмақта Қазақстан чемпионы, 2021 жылдың аяғына таман Дубай қаласында 57 келі салмақта Азия чемпионы атандым. Артынша Казань қаласында өткен ТМД елдері жарысында 60 келі салмақта чемпион болдым. 2022 жылы Иорданияда қарсыласымды ойсырата жеңіп, тағы да Азия чемпионы атанып қайттым.

– Ұлжан, әуесқой мен кәсіпқой бокстың айырмашылығы қандай және өзің қай бокс түрімен шұғылданасың?

– Әуесқой бокста спортшылар жарыс күні іш киіммен таразыға тұрады және 3 раунд жұдырықтасады. Ал кәсіпқой боксшылар жарыс түсте болатын болса, таңертеңгі сағат 11:00-де, ал кешкі жарыс үшін 13:00-де таразыға тұруы тиіс. Сонымен қатар салмақ өлшеуге келісім тек медициналық тексерістен өткеннен кейін ғана беріледі және 12 раунд болады. Ал өзім әуесқой боксқа қатысамын. Меніңше кәсіпқой бокс қанша мықты болғанмен әуесқой бокстың дәрежесіне жете алмайды. Өйткені әуесқой бокс олимпиадалық ойын түрі.

– Керемет. Сенімен сұхбаттасу үстінде қанша мәлімет алдым. Ұлжан, осы сұхбатты пайдалана отырып, кімдерге алғыс айтар едің?

– Мені осы боксқа әкелген, осындай үлкен абырой берген ең әуелі Аллаға, мені бағып-қаққан, өмір сыйлаған ата-анама ерекше алғысымды айтамын. Бокста мені жаттықтырып, маған «Бәрі өз қолыңда, мен саған сенемін» деп жігер беретін жаттықтырушым Шыңғыс Демеуов ағайыма алғысым шексіз. Шынымды айтсам 24 сағатымның 4/3 бөлігі осы ағайыммен жаттығу залында өтеді. Ата-анамдай жақын болып кетті. Сонымен қатар Шардара қаласында жаттықтырған Бағдат, Мадияр ағаларыма зор алғысымды айтамын.

– Ұлжан, сенің бойыңдағы намысың мен қайсарлығың сені Азияның екі дүркін чемпионы етіп отыр. Өзіңнің артыңнан ерген жас боксшыларға айтар ақ тілегің болса!

– Кез келген спортта жақсы көрсеткішке қол жеткізу үшін тынбай жаттығып, еңбектену қажет. Сонда ғана өзіміз күткен жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Сол үшін сіздерге айтарым, нендей дүние болсын тек еңбек, еңбек, еңбек және сенім керек. Бір Аллаға және өзіңе сен!

– Ұлжан, құдай қаласа алдағы Франция қаласында өткелі жатқан жарыстан қарсыласыңды ойсырата жеңіп, әлемдік додада еліміздің намысын қорғап, көк туымызды тағы да желбіретіп қайт деген тілек білдіремін.

Сұхбатыңа рахмет!

                                                Сұхбаттасқан Бота Өсербай.