ҚР Президенті Қ.Тоқаев өз Жарлығында: «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін. Кездесулер барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деген болатын. 

Осы Жарлыққа сәйкес 6-7-8 сәуір күндері аудан әкімі ауылдық округтерде жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді. Ол жайында газетіміздің өткен нөмірінде хабарлама жасаған болатынбыз.

Аудан әкімі Қайрат Жолдыбай сәуірдің сегізінде Жаушықұм ауылы және Шардара қаласының тұрғындарымен кездесті.

Сұрақ-жауап форматында өткен кездесудің алдында аудан әкімі Шардара ауданында былтырғы жылғы атқарылған жұмыстарға қысқаша тоқталып өтті.

Кездесулер мен жеке қабылдау барысында тұрғындар тарапынан егістік жер мәселесі, 12 192 гектар суармалы Жаушықұм массивін игеру жұмыстары және оның конкурс арқылы үлестірілуі, қоқыс палигонының мәселесі, көшелерді картаға енгізу, ауызсу мәселесі, ағаш отырғызу үшін жер алу, Шардара қаласындағы Төле би көшесіне қосымша балалар алаңшасын салу, қаланы газдандыру, №4 мөлтекаудандағы көшелерге қосымша асфальт төсеу, көпқабатты тұрғын үйлер маңына ағаш отырғызып баптау мәселесі, Ы.Жақаев көшесіне тас төсеу, орталық базардағы орынның жалдау ақысын реттеу, Желтоқсан көшесін қосымша жарықтандыру, Төменгі тоғай мөлтекауданындағы Ақан сері көшесіне тас төсеу мәселесі, Мамытов көшесіндегі ретсіз қоқыс мәселесі, Өтеғұл елдімекеніне қосымша жаңа мектеп ғимаратын салу, қаладағы жол ақысын реттеу, Тәуелсіздік саябағының мәселесі, кәріз жүйесі, жабық спорт кешенін салу, Мұнай база елдімекеніндегі ортақ жайылым мәселесі, Есалы, Қуанқұдық елдімекендеріне газ тарту мәселесі, жұмыспен қамту, Ш.Уәлиханов көшесін асфальттау және басқа да әлеуметтік сұрақтар қойылды.

Аудан басшысы кездесулер барысында күн тәртібіндегі егістік алқабының көлемін арттыру мақсатында 12 192 гектар Жаушықұм массивін игеру жобасын атап өтті. Сонымен қатар Шардара қаласын газдандыру, сапалы ауыз сумен қамту жоспарларын айтып, биылғы жылы бірқатар жобалар жүзеге асатынын жеткізді.

Қ.Жолдыбай әрбір сұраққа жеке-жеке жауап беріп, мәселелерді оңтайлы шешу бойынша тиісті бөлімдер мен мемлекеттік мекемелерге тапсырмалар берді. Сондай-ақ, әр тоқсан сайын аудан тұрғындарымен кездесулер өткізіп тұратынын айтты. Оған қоса әр ауылдық округтер мен аудан орталығындағы кездесуде барысында көтерілген мәселелер назарға алынатынын, әр мәселені шешу бойынша жүйелі жұмыстар атқарылатынын атап өтті.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.