Биыл қазақтың тіл білімінің атасы, ғалым-ағартушы Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толып отыр. Ұлт ұстазы атанған тұлғаның мерейлі датасын еліміз бойынша кең көлемде атап өтіп жатыр. Мұндай шарадан біздің ауданымыз да құр алақан емес.
18 сәуір күні аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөліміне қарасты «Тілдерді оқыту және дамыту орталығының» ұйымдастыруымен өткен «Ахмет Байтұрсынұлы – тіл білімінің атасы» атты көркемсөз оқу шеберлерінің аудандық байқауы сөзімізге айқын дәлел. Байқаудың мақсаты – мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, тіл мәдениетін көтеру, ағартушы-ғалым, әдебиеттанушы Ахмет Байтұрсынұлының шығармаларын насихаттау, ел ішінен талапты, талантты жастарды анықтау.
Аталған өнер сайысына бірнеше мекемелерден бас-аяғы 19 үміткер қатысып, өзара бақ сынады. Байқау «А.Байтұрсынұлының туындыларынан поэзиялық шығарма оқу» және «Кез келген жазушының шығармасынан прозалық үзінді оқу» атты екі кезең бойынша өтті. Үміткерлердің өнерін бағалаушы қазылар алқасының құрамында «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Сәбит Лаханов (қазылар алқасының төрағасы), «Шартарап-шарайна» газетінің тілшісі Жаңабай Сейдуалиев, аудандық мәдениет үйінің қызметкері, ақын-термеші Қанат Дауылбаевтар болды.
Сайыстың қорытындысы бойынша №12 жалпы орта мектеп мұғалімі Құралай Алдыоңғар Бас жүлде иегері атанып, облыстық сайысқа жолдама алды. І орынды Қазақстан жалпы орта мектебінің мұғалімі Дина Үзденова иеленді. М.Әуезов атындағы ЖОМ оқушысы Назерке Қожабекова мен С.Каттабеков ЖОМ оқушысы Мәдина Аманжол жүлделі екінші орынға ие болды. Б.Соқпақбаев атындағы ЖОМ мұғалімі Әсия Махмуд пен М.Әуезов атындағы ЖОМ мұғалімі Салтанат Мінайдарова үшінші орынды қанағат тұтты. А.Әлімбетов атындағы ЖОМ мұғалімі Қазыбек Есіркеп «Жеңіске деген ұмтылысы үшін» номинациясын иемденді.
Б.Нарбай.