Таяуда Шардара орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің белді қызмет- кері,  жанына қаламды серік еткен Жарқынбек Шайманұлы (суретте сол жақта) ағамыздың құрастыруымен Шардара орман шаруашылығының тарихынан сыр шертетін «Табиғат – туған анамыз» атты кітабы жарық көрді.

Кешегі аптада мекеме басшысы Дулат Сартбаевтың (суретте оң жақта) ұйымдастыруымен өткізілген ауызашар рәсімінде аталған кітаптың таныстырылымы болып өтті.

Шардара орман шаруашылығының тарихын толық қамтыған бұл жинақ 4 бөлімнен тұрады. «Шардара орман шаруашылығының тарихы» деп аталатын бірінші бөлімде еліміздегі орман шаруашылығының негізгі міндеті, мекеменің құрылу тарихы кеңінен баяндалған. Кітапты ақтара отырып мекеменің 1963 жылы құрылғанына көз жеткіздік. Екінші бөлімде Шардара орман шаруашылығының бүгінгі қызметтік құрамы және қазіргі табиғат қорғау мекемесінің тыныс-тіршілігі толыққанды қамтылған. Үшінші бөлім «Табиғат жанашырлары» деп аталады. Мұнда мекеме басшыларының, қызметкерлерінің, журналистердің табиғат туралы зерттеу мақалалары, түрлі еңбектері топтастырылған. Сонымен бірге шардаралық шайырлардың табиғат-ана жайлы тебіреніске толы туындылары жарық көрген. Төртінші бөлімде Шардара орман шаруашылығы және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі мен мектептердегі «Мектеп орманшылығы» үйірмесінің өзара байланысы, оқушылардың табиғат тақырыбындағы шығармалары, түрлі өнер туындылары жайлы кеңінен әңгіме өрбіген.

Бір айта кетерлігі – көлемі 300 беттен асатын аталған кітапты зейнеткер Жарқынбек Шайманұлы өз қаражатына шығарып отыр. Өнерсүйер, өлеңсүйер Жарқынбек ағамыздың бұл жинағы Шардара орман шаруашылығының ғана емес, ауданымыздың да тарихы үшін құнды дүние екендігі даусыз.

Еңбегіңіз жана берсін, Жарқынбек аға!

«Өскен өңір» – ақпарат.