25 сәуір күні Шардара қаласы, Өтеғұл елді мекенінде Жалау Мыңбаевқа арнап қойылған ескерткіш тақтайшаның ашылу салтанаты болып өтті. Шараға қала әкімі аппаратының қызметкерлері, ауыл ақсақалдары және көше тұрғындары қатысты. Шара барысында қала әкімі аппаратының бас маманы Г.Құрбанбекқызы қала әкімі Е.Бекеттің құттықтау сөзін оқып, Жалау Мыңбаевтың ел үшін еткен еңбектеріне тоқталып өтті. Ал, ауыл ақсақалы Әбдіш Төреұлы Мыңбаевтың өмір жолына қысқаша тоқталып өтті.

«Жалау Мыңбаев – қоғам қайраткері, бірнеше жыл Қазақстан Орталық Атқару комитетін басқарған ұлтжанды азамат еді.

Қазіргі Қазақстан шекарасының оңтүстік-батыс бөлігі осы Жалау Мыңбаевтың арқасында сақталып қалған. 1920-23 жылдары Маңғыстау уездік атқару комитетінің азық-түлік бөлім бастығының орынбасары болып тұрғанда сол жылдардағы жұттан, аштықтан халықты аман алып қалуға өте көп күш салған. Орталықтың рұқсатынсыз-ақ Астрахань, Хиуа өңірлерінен астық алдыртқан. Өнер саласына да қосқан үлесі бар. А.В.Затаевичке 4 ән жаздыртып қалдырған екен. Ж.Мыңбаев төраға болып тұрған тұста қазаққа қазақ аты берілді, яғни, КирЦИК КазЦИК деп өзгертілді. Халық үшін еселі еңбек еткен осындай жандарға құрмет көрсету – біздің парызымыз. Бұл шара өскелең ұрпақ үшін үлкен ғибрат» дейді Ә.Төреұлы.

Шара соңында ескерткіш тақтайшаның лентасы қиылып, қайраткерге арнап құран бағышталды. 

Бекжұма Матжанұлы.