Апта барысында аудандық мәдениет сарайында «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасы мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдығына орай «Болашаққа – үміт, жастарға – сенім» атты аудандық пікірсайыс турнирі өтті.
Турнирдің мақсаты – жастар арасында отансүйгіштікті, біліктілікті, тапқырлық пен ұшқыр ойлылықты, өз ойын жетік және дәлелдей білетін азаматтар даярлау, жастарды қоғамдағы өзекті мәселелерді қарастыруға, шешу жолдарына баулу, белсенділігін арттыру.
«Ғаламтор досымыз ба, әлде жауымыз ба?», «Оқушылардың мектепте ұялы телефондары болуы керек пе?», «Ата-аналар балаларының іс-әрекеті үшін заңды түрде жауап беруі керек пе?», «Голливуд фильмдерінің әлемге әсері жақсы ма, жоқ па?» секілді тақырыптарды қамтыған пікірсайыс америкалық-парламенттік форматта өтті. Турнирдің талаптары мен ережесі анықталған соң, ортаға жеребе тастау арқылы әр команда бір-бірімен сайысқа түсіп, бақ сынады. Сонымен қатар қарар, дефиниция, философия, аргумент, факт болуын талап еткен турнир жастардың білімділігі мен мықтылығын дәлелдей түсті.
Аталған пікірсайысқа «Шартарап-шарайна» газетінің тілшісі Жаңабай Сейдуәлиев, «Өскен өңір» газетінің тілшісі Ақбота Өсербай, ішкі саясат бөлімінің инспекторы Мақсат Қасымовтар төрелік жасап, әділ бағасын берді.
Қазылар алқасының ұйғарымымен «Шардара» мектеп-лицейінің «Ұшқыр ой» командасы бірінші орынды иемденді. Екінші орынға Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектептің «Жалынды жастар» командасы ие болды. М.Әуезов атындағы жалпы орта мектептің «Болашақ» командасы үшінші орынға лайық деп танылып, аудан әкімі Қайрат Жолдыбайдың «Дипломы» мен арнайы сыйлықтарымен марапатталды. Ал, А.Әлімбетов атындағы жалпы орта мектептің «Шаңырақ» командасының лидері Ақбота Тәңірберген, Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебінің «Нысана» командасының лидері Бірғаным Саттар және Қ.Сағырбайұлы атындағы жалпы орта мектептің «Жалын» командасының лидері Аяжан Балтабай, Қ.Аманжолов атындағы жалпы орта мектебінің «Жас дарын» командасының лидері Дана Бекболатовалар сайысқа белсене қатысып, ерекше ойларын ортаға салғандары үшін аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Алған марапаттарыңыз құтты болсын! Жастар – біздің болашағымыз!
Өз тілшімізден.