Бұдан бұрын хабарлағанымыздай

1 мамыр күні Шардара қаласы, Қызылқұм және Сүткент ауылдары әкімдерінің сайлауы болып өтті. Саяси додаға қала аумағы бойынша 5 үміткер, Қызылқұм ауылы бойынша 3 үміткер, Сүткент ауылы бойынша 4 үміткер ат қосып, бақ сынады. 12 үміткердің бәрі бірдей  соңына дейін «шапқан» жоқ, атқа қамшы басар тұста атының басын кері бұрғандар да болды. «Соңына дейін көрейік» дегендер  ілгерілі-кейінді болып көмбеге дейін келді.

Шардара қаласына Олжас Айдосов, Қызылқұм ауылына Марат Байров, Сүткент ауылына Қайрат Кенбай әкім болып сайланды. Әкімдік қызметке лайықты деп танылған азаматтар сәрсенбінің сәтінде ресми түрде ұжымдарға таныстырылып, қызметтеріне кірісті. 

Сәрсенбінің сәтті күнінде аудан әкімі Қайрат Жолдыбай және аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Есенбай Бейсенбиев Шардара қаласы әкімдігіне арнайы барып, қала әкімін ресми түрде қызмет орнына отырғызып, ұжымға таныстырды. Аудан басшысы қала әкімінің алдағы жұмысына сәттілік тілеп, жемісті еңбек етуіне сенім білдірді. Сондай-ақ, қаланың бұрынғы әкімі Е.Бекеттің жемісті еңбегі үшін алғыс білдірді.

Е.Бейсенбиев қала әкімін ресми түрде сайлау комиссиясының шешімімен таныстырып, арнайы куәлік табыстады.

О.Айдосов бұған дейін Сүткент ауылының әкімі қызметін атқарған, мемлекеттік қызметте ысылып қалған, тәжірибелі кадр.

Қызылқұм ауылының әкімін ұжымға таныстырып, қызмет орнына арнайы отырғызу үшін аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Бейсенбиев пен аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев арнайы барып, қызметіне сәттілік тілеп, алдағы уақытта нәтижелі жұмыс істеуіне сенім білдірді.

М.Байров осы сайлауға түскенше Достық жалпы орта мектебінің директоры лауазымын атқарған. Мемлекеттік қызметте де бірнеше жылдық өтілі бар сақа маман.

Сүткент ауылының әкімін қызмет орнына арнайы отырғызу үшін аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Е.Бейсенбиев және аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев арнайы барып, қызметіне сәттілік тілеп, ауыл үшін жемісті жұмыс істейтіндігіне сенім білдірді.

Қ.Кенбай бұған дейін қаржыгер ретінде жақсы танылған. Соңғы жұмыс орындарында «Оңтүстік-Финанс» ЖШС-де, «KADIRIS» ЖШС-де атқарушы директор болып қызмет еткен.

Халықтың қолдауына ие болып, жаңадан сайланған әкімдер ендігі жерде жұртшылықтың сенімінен шығу үшін еңбек етеді деп сенеміз.

«Өскен өңір» – ақпарат.