1 мамыр күні аталған мерекеге орай аудан әкімі Қайрат Жолдыбай ауданымызда тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан бір топ өзге ұлт өкілдерін қабылдады. Оларды айтулы мерекемен құттықтап, ауданның ұлтаралық татулығын сақтауға және әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүргендері үшін алғыс білдірді.

Осы күні «Алты алаш» алаңында мерекелік шеру өткізіліп,  концерттік бағдарлама көтеріңкі көңіл күймен өтті. Шараның ашылу салтанатында аудан басшысы құттықтау сөз сөйледі.

«Сіздерді татулық пен келісімнің нұрын шашқан 1 мамыр-Қазақстан халқының  бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Бұл мереке еліміздегі барлық ұлт өкілдерінің ынтымақтастығы мен достығының, бейбіт өмірдің нышаны болса, ал бейбітшілік пен тұрақтылық және ұлтаралық келісім мемлекетіміздің ең басты негізі, рухани байлығы.

Бұл күн – әрбір қазақстандық үшін Отанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, азаматтық борыш пен жалпыұлттық келісімнің мерекесі.

Біздің барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің мызғымас тұғыры – татулық пен тұтастығы. Түрлі ұлт өкілдері біршаңырақтың, бір тудың астынан табылып, бүгінгідей еңселі ел, іргелі мемлекет атандық. Баршаңызды айтулы мерекемен тағы да шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға құт-береке, бақыт тілеймін!» – деді аудан әкімі.

Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, арнайы көрме ұйымдастырылып, қатысушыларға мерекелік көңіл күй сыйлады.

Аудан әкімінің  баспасөз қызметі.