Біздің елімізде 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлері күні болып жарияланып, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен бұл мереке қазіргі таңда елімізде кең көлемде аталып өтілуде.
Бұл күні біз мәдениет және өнер мекемелерінің – мұражайлар мен кітапханалардың, театрлар мен концерттік ұйымдардың, халық шығармашылығы және мәдениет үйлерінің, қалалық және ауылдық мәдениет үйлерінің қызметкерлеріне, сондай-ақ, ақындарға, жазушыларға, әртістерге және басқа шығармашылық мамандық өкілдеріне шын көңілден алғыс сезімін білдіреміз.
Біздің елімізде қоғамымыздағы руханиятты дамытуға, игілікті, адамгершілікті, қайырымдылық пен өзара түсіністікті өрістетуге жол ашатын үздік мәдени дәстүрлерді сақтауға және молайтуға ерекше мән беріледі.
Біздің ауданымызда мақтан тұтар мәдениет майталмандары жетерлік. Үкіметтен "Мәдениет қайраткері" атағын алғандар да аз емес. Әнші-жыршы Бейсенбек Бибосынов, Хадиша Мұсабековалар, ақын Қазыбек Иса мен Жұмабек Мұқанов осы атақты иемденген жандар. Аудандық балалар саз мектебін басқарып отырған Әсия Жораев да "Мәдениет қайраткері". Біз оларды әрдайым мақтан тұтамыз.
Бұлардан бөлек осы ауданның шығып, еліміздің мәдениетіне, өнеріне үлес қосып жүрген Гүлшат Дінәсілова, Ұлту Қабаева, Құрманғазы Ибрагимов, Мөлдір Бақытжанқыздарын қазіргі таңда исі қазақ елі танып қалды. Аудандық мәдениет сарайында қызмет етіп жүрген өнерпаздарымыз да түрлі байқауларда топ жарып, елге танылып келеді.
Ауданымызда ұзақ жылдардан бері Ш.Қаппаров басқарып келе жатқан мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің қызметкерлерін, А.Дөңбай жетекшілік ететін аудандық мәдениет сарайы ұжымын, Ж.Ізбайқызы құрған «Әжелер» ансамблін, Н.Смайылов басқарып отырған аудандық тарихи-өлкетану мұражайының қызметкерлерін, Ғ.Төребаева басқарып отырған аудандық кітапхана ұжымын, Ә.Жораева басшылық ететін аудандық балалар саз мектебін аталған мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын.
Құрметті жерлестер – мәдениет саласының қызметкерлері және шығармашылық одақтардың өкілдері! Осы мереке күні сіздердің әрқайсыларыңызға мықты денсаулық, баянды бақыт, жалыны мол күш-жігер, шығармашылық табыстар, жарқын да қызғылықты бастамалар тілеймін!
Жамал Төлешова, ауданның Құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері.