Бұған дейін ауданымызда Қоғамдық кеңес құрылғанын хабарлаған болатынбыз. Аптаның алғашқы күнінде аталмыш ұйымның бірінші жиыны болып өтті.
Жиынды қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Нұрпейісов жүргізіп отырды.
Жиын барысында төмендегідей мәселелер қаралып, талқыланды:
- Аудан әкімінің 2021 жылдың қорытындысы бойынша ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша атқарған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері туралы есебі;
- «Шардара аудандық мәслихатының 2021 жылғы 22 желтоқсандағы «2022-2024 жылдарға арналған аудандық бюджет туралы» шешіміне қорытынды беру туралы;
- «Шардара ауданы әкімі аппараты» мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы» шешіміне қорытынды беру туралы;
- Шардара ауданының Қоғамдық кеңесі туралы ережені бекіту;
- Шардара ауданының Қоғамдық кеңесінің 2022 жылға арналған жұмыс жоспарын бекіту;
- Шардара ауданының Қоғамдық кеңесі жанындағы комиссиялардың құрамын бекіту.
Аталған қоғамдық кеңес жиынына аудан әкімі Қайрат Жолдыбай қатысып, жаңадан кеңес мүшесі атанғандарға арнайы куәлік табыс етті. Аудан басшысы сонымен бірге күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қысқаша хабарлама жасады. Аудан әкімінің хабарламасынан соң кеңес мүшелері өздерін толғандырып жүрген сауалдарға жауап алды. Кеңес мүшелері Қ.Ілесов, Б.Кеншім, Ұ.Жұмандар ауданды газдандыру, ауыл шаруашылық мәселелері, жайылымдық жерлер туралы мәселелер көтерді. Аудан әкімі өз кезегінде аталған мәселелерге нақты жауап берді.
Қоғамдық кеңес отырысында өзге мәселелер туралы кеңес төрағасы М.Нұрпейісов кеңінен таныстырса, кеңес мүшелері ол мәселелерді бірауыздан қолдайтындарын білдірді.
Өз тілшімізден.