25 мамыр – алғашқы қоңырау мен соңғы қоңыраудың арасын жалғаған 11 жылдың мәреге жеткен күні. Бұл күн – шәкірттеріміз ұстазының қасында соңғы рет шәкірт болып үлкен өмірге қадам басатын күн, ата-анамыз «ұлым ер жетті, «қызым бой жетті» дейтін, ата-әжелереміз ақ жол тілеп, ақ батасын беретін күн.
Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебінде кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасын имене аттаған ұл-қыздарымыз бүгінде ойы толып, бойы өсіп, алтын ұя мектебімен қимай-қимай қоштасты.
Мектептің толғанысты да қимас сәті мен қуанышын бөлісу үшін аудан әкімі Қайрат Жолдыбай, аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақшагүл Бердалиева, аудандық қоғамдық медиаторлар төрағасы Биту Жанайдар, ата-аналар комитетінің төрағасы Оразбай Назарбеков және осы мектепте қаншама жылдар бойы еңбек етіп, демалысқа шыққан зейнеткер ұстаздар арнайы қонақ болып келді.
«Сыңғырла, соңғы қоңырау!» деп аталған қоштасу кешінде алғаш болып сөз алған мектеп директоры Гүлжан Ғаниева: «Қоңырау – мектеп өміріндегі құлаққа жағымды, шәкірт жүрегінде сақталатын ұмытылмас үн. Жүрегіміз дүрсілдеп, өмірдің екінші сатысына қадам басқалы тұрған мынау шәкірттерімізді біз де қимай тұрмыз. Міне, тағы бір оқу жылы аяқталып, мектебіміздің 29 түлегі бүгінгі салтанатты жиында балалықпен, мектеппен қоштасқалы тұр. Сіздерге сәтті сапар тілеймін» - деп кешті ашып берді.
Кеш барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбай: «Сіздер бүгін мектеппен қоштасып, үлкен өмірге жолдама алғалы тұрсыздар. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне ерекше назар аударып, сіздердің сапалы білім алып, үлкен азамат болуларыңыз үшін барынша жағдай жасап отыр. Еліміздің болашағы – сіздердің қолдарыңызда, сондықтан да қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болуларыңызға тілектеспін» – деп, бітіруші түлектерге ақ тілегін білдірді.
Салтанатты кеш мектеп бітіруші 11 «А» және 11 «Ә» сынып түлектерінің сынып жетекшілерімен қол ұстасып, әсем әнмен ортаға шығуымен басталды. Одан әрі мептептің мақтаныштары марапатталып, 10 сынып оқушылары өздерінен үлкен аға-әпкелеріне құттықтау тілектерін жеткізді. Бітіруші түлектер Балжан Нудина мен Нұрайлы Егемберді «Ыстық ұя» әнін орындап, салтанатты кеш түлектердің әдемі вальсімен жалғасты.
Кеш соңында соңғы қоңырау рәсімін қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүрген 11 сыныптың түлегі Сержан Хамитұлы мен 1 сыныптың үздік оқушысы Еркеназ Ералықызы орындап, артынша мектеп бітіруші түлектер ұстаздарымен, ата-аналарымен естелікке суретке түсті.
Бота Өсербай.