Өткен аптаның аяғында референдумды насихаттау мақсатында қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов ағамыз қалалық әкімшілік ғимаратында халықпен кездесу өткізді. Кездесуге қала әкімі аппаратының бас мамандары мен қызметкерлері, қоғамдық ұйым мүшелері, қоғамдық келісім кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты.
«5 маусым баршамыз үшін маңызды күн болмақ. Мемлекет басшысының бастамасымен қазір елімізде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Өзгерістердің барлығы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Өйткені реформалар халықтың талап-тілегіне арналған. Ел сеніміне ие болмай, «Жаңа Қазақстан» құру мүмкін емес. Президент ұсынған реформалар стратегиялық маңызға ие. Екінші республиканы құру жолында біз адалдық пен әділетті болу қағидаларын қатаң ұстануымыз керек», – деген Қ.Ілесов алдағы басты қадамдарға тоқталды. Біріншіден әр адамға тең мүмкіндік берілетінін сөз етті. Яғни, жасанды монополияға жол берілмей, халық арасында шынайы бәсекелестік артатынын, сонымен қатар, әкімдер сайлауын енгізу мәселесі де халықтың көңілінен шығып отырғандығын жеткізді. Жалпы конституциялық реформалар халықтың қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласуына зор мүмкіндік береді дейді.
Кездесу соңында тыңдаушылар тарапынан сұрақтар қойылып, оларға мәлімет беруші тараптан нақты жауаптар берілді. Дәл осы мазмұндас жиындар «Халыққа қызмет көрсету орталығы», «Зейнетақы төлеу орталығы», «Аудандық жұмыспен қамту және әлеметтік бағдарламалар бөлімі», «ҚазСуШар» мекемелері мен мектеп, балабақшаларда жалғасын тапты.
Б.Өсербай.