Газетіміздің алдыңғы нөмірінде Түркістан облысының 4 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ауылым – алтын бесігім» аудандық өнер фестивалі аудандық мәдениет сарайына қарасты ауылдық мәдениет үйлерінде 18-22 сәуір аралығында өткендігін хабарлаған болатынбыз. Өткен аптада фестиваліміз өз мәресіне жетіп, аудандық мәдениет сарайында 21 мамыр – «Мәдениет және өнер қызметкерлері күні» мерекесіне орай қорытындыланды.
Салтанатты кешіміз ең әуелі мәдениет және өнер қызметкерлерін құттықтаумен басталды. Шарамызға келер ұрпақты ұлтжандылық пен өнер сүюге баулып жүрген мәдениет қызметкерлерін құттықтау үшін аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев: «Мәдениет – ел мәйегі, мемлекеттілікті айшықтайтын ең басты факторлардың бірі. Сондықтан да өнерін сүйген, өнерпазын мәпелеген елдің мәртебесі қашан да биік болары анық. Мерекелеріңіз құтты болсын!» - деді.
Мұнан соң аудан әкімінің орынбасары халықтың мәдениетін арттырып жүрген, жас ұрпақты мәдениетке дәріптеп жүрген Шардара балалар саз мектебінің қобыз сыныбының мұғалімі Жұмагүл Райымқұлқызына, «Ақмаржан» би тобының жетекшісі Зина Әбілғазықызына, Шардара мектеп-лицейі директорының орынбасары Әлия Пайызқызы мен Гүлнұр Тұрымтайқызына, аудандық мәдениет сарайының суретшісі Дәулет Жолшыбекұлына, Алатау батыр ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Бағлан Ережепқызына, Ұзын ата ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Жамбыл Оразбекұлына, Ақалтын ауылдық мәдениет үйінің меңгерушісі Айсара Мырзабайқызына, Сүткент ауылдық мәдениет үйінің әдіскері Айсәуле Байжігітқызына, Алатау батыр ауылдық мәдениет үйінің музыка өңдеушісі Болат Абылайұлына, аудандық мәдениет сарайының қарауылы Абдулла Құрбанжанұлына, аудандық мәдениет сарайының операторы Бағлан Жиенбекұлына арнайы марапаттар табыстады.
Шара барысында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шермұхаммед Жарылқасынұлы да театрымыздағы барлық қызметкерлерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Мұнан соң әдемі кешіміз фестивальдің қорытындысын жариялаумен жалғасын тапты.
Апта бойы көрерменімен бірге жұртшылығы үшін мерекелік тарту болған айтулы фестиваліміз ел есінде өзіндік ерекшелігімен есте қалды деуге болады. Қазылар алқасының шынайы төрелігімен фестиваль өз қорытындысын шығарып, бас жүлдеге Қ.Тұрысбеков ауылдық мәдениет үйі ие болды. 1-ші орынды Қызылқұм ауылдық мәдениет үйі жеңіп алса, 2-ші орынға Сүткент пен Ұзын ата ауылдық мәдениет үйі лайық деп танылды. 3-ші орынды Достық, Алатау батыр, Ақалтын ауылдық мәдениет үйлері қанағат тұтты. Сонымен қатар «Ауылым – алтын бесігім» жүлдесі Қоссейіт ауылдық мәдениет үйіне, «Шардара аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің» жүлдесі Көксу ауылдық мәдениет үйіне бұйырды.
Құттықтау барысында «Ауылым – алтын бесігім» өнер фестивалінде көзге түсіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген, жас талантты өнерпаздар Шағырбаева Аймекен, Байтеміровтер отбасы, Мейіржан Дәрменұлы, Сүлейменовтер отбасылық ансамблі өз өнерлерін ортаға салды.
Мереке қарсаңындағы марапаттарыңыз құтты болсын!
Ақбота Өсербай.