Құрметті жерлестер!
Елдің елдігін, мемлекеттілігін айқындайтын басты құндылықтар ол – елдің шекарасы, астанасы және мемлекеттік рәміздері. Баршаңызды Қазақстан Республикасы Мемлекеттік рәміздерінің 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз!
Өздеріңізге мәлім, 1992 жылдың 4 маусымында Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бекітілсе, тура 15 жылдан кейін дәл сол күні, яғни 2007 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы қабылданған болатын.
Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап еліміз өз алдына тәуелсіз мемлекет болумен қатар, тұғыры биік Туымызбен, елдің тарихы мен құндылығын әлемге танытар Елтаңбамызбен және елдің рухын көтеретін Мемлекеттік Әнұранымызбен айбынды ел бола білдік.
Мемлекеттік рәміздер – ұлттың анықтамасы. Сондықтан біздің әрбіріміз Отанды қалай құрметтеп, елімізді қалай сүйе алсақ, мемлекеттің нышандарын да сол дәрежеде қастер тұтып, құрметпен қарауға тиіспіз.
Кез келген егемен мемлекеттің тарихы ең алдымен оның мемлекеттік шекарасынан басталады. Тәуелсіздік жылдарындағы ең басты жетістігіміз – ата-баба аманаты – ұлан-ғайыр жеріміздің мемлекеттік шекарасы қалыптастырылды.
Аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтатса, тұлпар тұрпатты Елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды жігерлендіріп, қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді.
Ұлттық патриотизм, Отанға деген сүйіспеншілік, туған жерге деген ыстық ықылас – адамның рухани болмысын айқындайтын асыл ұғым. Ал, Отанға деген сүйіспеншілікті әрбір жүрекке ұялататын елдің нышандары екені сөзсіз. Олай болса, Тәуелсіздік төсбелгісіне айналған рәміздерімізді құрметтеу, мақтан тұту әрбір азамат үшін қасиетті борыш.
Қымбатты ағайын!
Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі арта берсін деп, мерейлі мерекеде барлықтарыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еліміздегі тыныштығымыз бен бірлігіміз бекем болсын!
Аудан әкімі Қ.Жолдыбай.
Аудандық мәслихат хатшысы А.Қарсыбаев.