1 – маусым халықаралық балаларды қорғау күні. Осыған орай қала әкімі Олжас Айдосовтың ұйымдастыруымен «Тұңғыш Президент» саябағында балаларға арналған мерекелік іс-шара өтті.

Балаларға көтеріңкі  көңіл-күй мен қуаныш сыйлауды көздеген қала әкімі Олжас Айдосов балаларды мерекелерімен құттықтап, оларды «Рlay Park» ойын алаңшасына алып барды. Шара барысында балаларға қала әкімі атынан балмұздақ таратылып, балапандар ойын алаңшасында құмарлары басылмай ойнады.

Қала әкімі Олжас Айдосов: «Бала – біздің болашағымыз. Дана халқымыз: «Қарағайға қарап тал өседі, қатарына қарап бала өседі» деп балалардың өсіп-өркендеуіне, мәдениетті болуына терең мән берген. Осында жиналған бүлдіршіндерімізге сынға, сынаққа мойымай, ертеңіне үмітпен қарай білгендеріне ерекше алғысымды білдіремін. Қаншама қиындықты жеңіп, еліміздің ертеңі балалар екенін түсіне білген ата-аналарға да қала халқы атынан рахмет айтамын. Балаларды қорғау мерекесі құтты болсын!» – деп балаларға ақ тілегін жеткізді.

Қала әкімі тағдырдың сынына мойымай, асқақ арманға қанат қаққан, мүмкіндігі шектеулі қаршадай балаларымыз, соның ішінде Ернар Бақтыбай, Оралхан Дәулетбай, Ұлпан Жалғасбай, Қарақат Болатқызы, Нұрберген Үсентаевтардың үйлеріне арнайы барып, жағдайларын сұрап, мерекелерімен құттықтады. Сонымен қоса балаларға арнайы сый-сияпат табыстады.

Шара соңында ата-аналар қала әкіміне үлкен алғыстарын айтып, балапандар дән-риза болып, естелікке суретке түсті.

Балаларға ерекше көңіл-күй сыйлаған қала әкімі мен барша демеушілерге алғыс айтамыз! 

 А.Өсербай.