28 мамыр күні Шардара қаласының спорт кешенінде каратэ спортынан балалар және жасөспірімдер арасында облыстық чемпионаттың шымылдығы түрілді.
Жарыстың ашылу салтанатында алғаш сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев ауданымызда каратэ спортынан облыс чемпионатының тұңғыш рет өткелі тұрғанын және Шардара топырағынан 80-нен аса әлем чемпиондары шыққанын тілге тиек етті. Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қ.Жолдықараев осы жарыстың ұйымдастырушыларына үлкен алғысын айта отырып, облыс чемпионатына қатысқалы отырған барша спортшыларға сәттілік тіледі. Одан кейін каратэ спортының атасы атанған, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Н.Мелдеханов Шардара спорты десе ең бірінші қол күресі еске түсетінін және өңірімізде спорттың дамуына сүбелі үлес қосып жүрген Қарсыбаев Арман Романұлының еңбегі орасан екенін атап өтіп, толағай табыстар тіледі.
Шара барысында Шардара ауданының каратэ спортынан аға жаттықтырушысы Қалқаман Жалғас Жомартұлына Түркістан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының Алғыс хаты мен спорттық жабдықтар табысталды. Ал аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев аудан әкімі атынан Токио Олимпиадасында қола жүлдені иемденіп, көк туымызды көкке көтерген жерлесіміз Д.Асадиловке халқымыздың салт-дәстүрімен шапан жауып, тұлпар мінгізді.
Сөйтіп, екі күнге созылған бәсеке жоғары деңгейде өтіп, жерлестеріміздің мерейі үстем болды. Атап айтар болсақ, ұлдар арасында командалық есепте Шардара ауданы тұғырдың ең биік сатысынан көрінсе, Ордабасы ауданынан келген спортшылар ІІ орын алды. Ал үздік үштікті Сайрам ауданы спортшылары түйіндеді. Қыздар арасындағы бәсекеде Сарыағаш ауданының бұрымдылары командалық есепте І орынды иемденсе, шардаралықтар ІІ орынға жайғасты. ІІІ орынды Ордабасы ауданынан келген спортшылар жеңіп алды.
Барша жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды және жаттықтырушыларын жеңісімен құттықтай келе, алдағы ел чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінулерін тілейміз!
Бекжұма Матжанұлы.