Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында аудандық мәдениет сарайының алдында «Балалар жылы» аясында Шардара ауданының өнерпаз-шығармашыл оқушылары арасында «Бала – біздің болашағымыз!» атты өнер мерекесі өтті.

Мерекенің мақсаты – балалардың бойындағы дарыны мен өнерін, шығармашылығын дамытып, Отанға деген патриоттық сезімін ояту. Сонымен қоса оларды этикалық, эстети- калық тұрғыда тәрбиелеу.

Мерекенің ашылу салтана- тында аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев балаларға аудан әкімі Қ.Жолдыбайдың құттықтау сөзін жеткізді.

Мерекелік іс-шара түрлі түсті шар, жалаушалармен, ерекше көрмелермен безендірілген. «Абай» ескерткішінің жанында 50 оқушыдан құралған домбырашылар ансамблі бірнеше күй орындап, алаңшада мектеп оқушылары флешмоб биледі. Шара барысында балаларға арналған түрлі эстафеталық ойындар, лабиринт, асфальтке сурет салу, волейбол, қол күрес, шахмат, дойбы ойындары ұйымдастырылды.

Мерекенің керемет өтуіне М.Горький, Ш.Уәлиханов, М.Әуезов, С.Ерубаев, Қ.Сағырбайұлы атындағы жалпы орта мектептер мен Т.Айбергенов атындағы мектеп-гимназия, «Балалар саз мектебінің» оқушылары зор үлес қосты.

Кеш соңында барлық балаларға аудан әкімі Қайрат Жолдыбайдың атынан балмұздақтар таратылып берілді.

Қазақ елінің тәуелсіздігінің тамырын тереңге жайып, халық мүддесін бірінші орынға қоятын, қазақ елінің атын күллі әлемге паш ететін болашақ ұрпақ – балапандарымызды мерекелерімен құттықтаймыз! 

                    Бота Өсербай.