4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні. Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері – Ту, Елтаңба, және Әнұран Қазақстан Республикасының дербестігі мен тәуелсіздігін бүкіл әлемге танытушы әрі мемлекетіміздің өткені мен бүгіні және болашағы арасындағы  сабақтастықтың  жарқын көрінісі.

Осынау айтулы күнді Шардара ауданы салтанатты түрде атап өтті. Шара ең алдымен мерекелік шерумен басталып, аудандық мәдениет үйінде жалғасын тапты.

Жиында аудан әкімі құттықтау сөз сөйледі. «Елдің елдігін, мемлекеттілігін айқындайтын басты құндылықтар ол – елдің шекарасы, астанасы және мемлекеттік рәміздері. Баршаңызды Қазақстан Республикасы  Мемлекеттік рәміздерінің  30 жылдық мерекесімен  шын жүректен құттықтаймын!

Өздеріңізге мәлім, 1992 жылдың 4 маусымында Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік рәміздері бекітілсе, тура 15 жылдан кейін дәл сол күні, яғни 2007 жылдың 4 маусымында «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы қабылданған болатын.

Тәуелсіздікке қол жеткізген сәттен бастап еліміз өз алдына тәуелсіз мемлекет болумен қатар, тұғыры биік Туымызбен, елдің тарихы мен құндылығын әлемге танытар Елтаңбамызбен және елдің рухын көтеретін Мемлекеттік Әнұранымызбен айбынды ел бола білдік. Аспан түстес байрағымыз халқымыздың арманын асқақтатып, қыран бүркіттей елімізді аспан әлемінде қалықтатса, тұлпар тұрпатты Елтаңбамыз ел тарихының тереңінен тамыр тартып, ұлттық рухымызды жігерлендіріп, қанатты тұлпардай ұшқырлығын айғақтап келеді. Тәуелсіздігіміздің алтын күмбезі саналатын мемлекеттік рәміздеріміздің мәртебесі арта берсін деп, мерейлі мерекеде барлықтарыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін. Еліміздегі  тыныштығымыз бен бірлігіміз  бекем болсын!» деген аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан және еңбек етіп келе жатқан бірқатар азаматтар мен азаматшаларды Алғыс хаттармен марапаттады.

Салтанатты кеш аудандық мәдениет сарайының дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі.