Өткен аптада Мемлекеттік рәміздер күні мерекесінің 30 жылдығына арналған «Рәміздерім – мақтанышым» атты іс-шара аясында, Шардара қаласының ең биік нүктесінде орналасқан «Шежіре» саябағында ту көтеру рәсімі өтті.
Шараға аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Т.Бердібеков, қала әкімі О.Айдосов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Б.Таласов және басқа да мекеме қызметшілері қатысты.
Жиында сөз алған Б.Шомпиев: «Бүгінгі күн – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күні мерекесінің 30 жылдығы аясында Алтай мен Атырау, Арқа мен Алатау арасы, ұлан-ғайыр қазақ даласының аспанында көк байрағымызды желбіретіп, Әнұранымызды асқақта шырқайтын күн. Тәуелсіздігіміздің тұғыры мен еліміздің еңсесі биік болсын! Байрағымыз көк аспанда желбіреп, Әнұранымыз шарықтай шырқалып, Елтаңбамыз символымыз ретінде мәңгілік жасасын» – деді.
Көк байрағымыз зеңгір көкке көтерілген тұста салтанатты түрде Әнұранымыз орындалып, патриоттық әндер шырқалды.
Өз тілшімізден.