Аптаның сәрсенбісінде аудандық мәдениет үйінде Шардара, Мақтаарал, Отырар, Созақ, Жетісай, Арыс аудандарының орман шаруашылығы комитетінің өкілдері мен «Шопан ата» ұлттық мал өсірушілер қауымдастығы мүшелерінің қатысуымен алқалы жиын өтті. 

Сонымен қатар Шардара ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ағатай Таженов, Түркістан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Бекжан Қалымбетов, табиғат ресурстары және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Данияр Сейітов, орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаевтар жиынға қатысып, орман шаруашылығы теңгеріміндегі жерлерді жайылым ретінде пайдалану мәселелерін талқылады.

Жиында мал шаруашылығымен айналысушы шаруалар салаға жауапты өкілдерден жайылымдық жер мәселесін оңды шешіп беруді сұрады. Сонымен қатар қатысушылар жабайы жануарлар дүниесін қорғау, оңтүстік өңірлердегі сексеуіл өсімдігін көбейту мен дала өрттерінің алдын алу шараларына басымдық беруді сұрады.

Көтерілген мәселелерге орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Құтпанбаев жауап берді.

Ол Түркістан облысы бойынша "Оңтүстік Қазақстан" қорығына тиесілі 1 млн 700 гектар жерде мал жаюға ешқандай кедергі болмайтындығын және рұқсат берілгендігін атап өтті. Сондай-ақ, жайылым жерлерге құдық қазу, үй салу бойынша кедергілерді қысқа уақытта шешуді тапсырды.

Сонымен қатар мал шаруашылығымен айналысушы шаруалардың басқа да мәселерін оңтайлы шешу бойынша жаңа заңдық нормалар қолға алынып жатқанын айтты.

Рүстем Пердебек.