Шардара аудандық соты 1969 жылдың қараша айында құрылған. Аталған мекеме ол кезде Шардара ауданының халық соты деп аталған.
1969 жылдың қараша айында соттың алғашқы төрағасы болып Ұлы Отан соғысының ардагері Манекеев Тауасар ағамыз тағайындалып, 1980 жылдың желтоқсан айына дейін төрағалық қызметті атқарған. Денсаулығына байланысты төрағалық қызметтен халық судьялық қызметке ауысып, 1986 жылдың тамызына дейін осы қызметін атқарды.
Тауасар ағамыз соттың ғимарат құрылысының салынуына өз үлесін қосып, ғимараттың бастан-аяқ басында болып, сот ғимаратын салдырған ардагер азамат атанып, құрметті еңбек демалысына шығып, зейнеткерліктің бейнетін көрді.
Т.Манекеевтен кейін сот төрағасы қызметіне Сақалов Болат Заядаұлы тағайындалып, Шардара аудандық халық сотының төрағасы қызметін 1981-1984 жылдары аралығында атқарды. Б.З.Сақалов төрағалық қызметін атқарған жылдары аудандық халық соты облыс көлеміндегі алдыңғы қатарлы соттар қатарына жетті. Бұған дәлел ретінде Шымкент облыстық атқару Комитеті Әділет бөлімінің бұйрықтарымен соттың жұмыс тәжірибесі төрт рет облыс көлеміндегі соттарға таратылғандығын келтіруге болады. Болат Зиядаұлы өзінің сауаттылығымен, жұмысты ұйымдастырушылық қабілетінің және құқықтық мәдениетінің жоғарылығымен Оңтүстік Қазақстан облысындағы ең үздік сот төрағаларының бірі ретінде танымал болды.
Б.Сақалов 1996-2001 жылдар аралығында Қызылорда облыстық сотының төрағасы қызметін, 2001-2003 жылдар аралығында Қарағанды мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы қызметін, 2003-2013 жылдары аралығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының аппарат жетекшісінің орынбасары – ұйымдастыру талдау басқармасының басшысы қызметін, 2013-2014 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі жоғарғы лауазымды қызметтерін атқарды. Бүгінгі таңда еңбек демалысында, зейнеткер.
Сонымен қатар, Шардара аудандық сотының төрағасы болып Бөртебаев Әшірбай Өрісбайұлы 1984-1994 жылдары аралығында қызмет атқарды. Ә.Бөртебаев білімі мен қызметін заң саласына арнаған. Соттың дамуы мен халық арасында сотқа деген сенімнің артуына өз үлесін ерекше қосқан төраға болып табылады.
Әшірбай Өрісбайұлы ұзақ жылдар Сарыағаш ауданының Ұлттық Нотариалдық Кеңсесінде нотариус қызметін атқарған. 1980-1984 жылдары Жетісай аудандық сотында судья қызметін, 1994-1997 жылдары Ордабасы аудандық сотының төрағасы қызметін және 1997-2001 жылға дейін Сарыағаш аудандық сотында судья қызметін атқарды. Әшірбай Өрісбайұлы 2001 жылы қаңтарда денсаулығына байланысты дүниеден өтті.
Шардара аудандық сотының төрағасы қызметіне 1994-1996 жылдары аралығында Садыбаев Айбек Төребекұлы тағайындалды.
1996 жылы Тілегенов Арысбай Ережепұлы тағайындалды. Арысбай Ережепұлы Шардара аудандық соты төрағасына екі рет тағайындалып, 1996-2001 және 2006-2011 жылдары аралығында қызмет атқарған.
Балғанбеков Жақсыбек Оралбекұлы 2001-2006 жылдары, Қожанов Бейсебай Әжібекұлы 2011-2016 жылдары, Нәлібаев Алпысбай Балгабекұлы 2016-2020 жылдары төрағалық етті.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2021 жылғы 29 желтоқсанындағы №720 Жарлығымен Ондыбаева Светлана Рысбекқызы аудандық сот төрағасы болып тағайындалды.
Шардара аудандық сотының судьялары мен өзге де сот кеңсесінде қызмет еткен азаматтар қазіргі таңда жоғарғы лауазымдарда қызмет атқарып келеді.
2003-2013 жылдар аралығында судья қызметін атқарған Биболов Нұрлан Зұлпыхарұлы Шымкент қалалық сотының судьясы қызметіне ауысып, 2021 жылы Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметіне тағайындалды.
Смаилова Тамара Қалиқызы 1999-2008 жылдары сот кеңсесінің меңгерушісі қызметін атқарып, 2008 жылы Маңғыстау облысының Ақтау қалалық № 2 сотының судьясы қызметіне, 2014 жылы Шымкент қаласының Еңбекші аудандық сотының судьясы қызметіне, 2018 жылы Шымкент қалалық сотының судьясы қызметіне тағайындалды.
Тұрабай Болатбек Алтынбекұлы 2008-2013 жылдары сот кеңсесінің меңгерушісі қызметін атқарып, 2013 жылы Түркістан облысы, Түлкібас аудандық сотының судьясы қызметіне тағайындалып, абыройлы қызмет атқаруда.
Сапархан Омаров 2014-2020 жылдары Шардара аудандық сотының судьясы болып қызмет атқарса, 2020 жылы Арыс аудандық сотының төрағасы қызметіне тағайындалды.
Жоғарғы Сот төрағасы Ж.Асанов 2017 жылғы қорытындысында, сот жүйесін дамытудағы негізгі басымдықтарды анықтап, сот корпусының алдына «Сот төрелігінің жеті түйіні» атауымен нақты мақсаттар қойды. Түйінді мәселелерді тарқату мақсатында «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобалық бағыттарын белгіледі.
Осыған орай, «Үлгілі сот» бағдарламасын іске асыру шеңберінде халыққа заманауи қызмет көрсетудің стандарттарын есепке ала отырып, 2019 жылдың шілдесінде сот ғимаратында фронт-офисі ашылды.
Қызметіне адал, сол арқылы көптің құрметіне бөленген азаматтарды ардақтау – ұлтымыздың қастерлі дәстүрлерінің бірі. Қазақ мұндайда «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деп жатады. Ал, оның адал, атаның емес, алаштың ұлы болып өсуі – ата-ана, ұстаз, қоғамдық орта дейтін ұштағанның үйлесімділігіне байланысты. Тіпті, тереңірек үңілсек, тегіне, өскен ортасына, рухани болмысына да қатысты.
Б.Матжанұлы.