Кәсiпкерлiк еңбектiң басқа түрлерiнен үнемi оқшауланып тұрады. Бүгiнгi күнi әлемде кәсiпкерлiктiң жалпыға бiрдей нақты қалыптасқан анықтамасы жоқ. Ол дербес бастамаға, жауапкершiлiк пен жаңашыл кәсiптiк идеяға негiзделген экономикалық белсендiлiктiң ерекше түрi деп айтуға болады.
«Боламын деген баланың бетiн қақпа, белiн бу» демекшi, боламын деген баланың, яғни, жастардың қолтығынан демеп, кәсiбiңдi аш, еңбектен деп қайтарымсыз несие мен грант беретiн мемлекеттiк бағдарламалардың бары бiздi қатты қуантады.
Рас, Қазақстанда мемлекет тарапынан кәсiпкерлiктi дамытуға қатысты жасалынып жатқан қолдаулар мен көмектер аз емес.
Өткен аптада «Жұмыспен қамту орталығына» қарасты жұмыс берушiлер мен жұмыс жасау бөлiмiнiң бас маманы Бағила Ибрагимованың ұйымдастыруымен Шардара ауданы бойынша 2021 жылы «Еңбек» мемлекеттiк бағдарламасының шеңберiнде республикалық бюджеттен жеке кәсiп ашу мақсатында 583400 теңге көлемiнде грант ұтып алған жас кәсiпкерлердiң жұмыс барысымен танысып қайтқан болатынбыз. Жас кәсiпкерлердiң еңбегiн бағалап, жасаған жұмыстарына тәнтi болғандардың қатарында аудандық қоғамдық келiсiм кеңесiнiң төрағасы Қыстау Iлесов, аудандық мәслихат депутаты Дәулет Бектасов, осы басылымның бас редакторы Сәбит Лахановтар болды.
Республикалық гранттың иелерi – Қалия Жолдасова (жартылай дайын фабрикат тағамдарын ашқан), Шолпан Нұранқызы (кондитерлiк өнiмдер), Еркебұлан Әбiл (наубайхана ашқан), Қуаныш Бекбенбетов (шаштараз), Әсел Мүйтеновалар (кондитер цехы) бүгiнгi күнi өз кәсiптерiн дөңгелетiп отырған жас кәсiпкерлер. Мемлекеттiң берген қаржысын дұрыс, тиiмдi пайдаланып, өз кәсiптерiнiң жемiсiн көрiп отырған жайлары бар.
Жас кәсiпкер Шолпан Нұранқызы «Кәсiп бастағысы келетiндерге айтарым, ешқашан ақшаны алдыңғы орынға қоймаңыз. Ең бастысы – жүрек қалауы, сосын ниет. Бiр тиыныңыз болмаса да жүрегiңiз қалап тұрса, Құдай өзi қиыннан қиыстырады. Кәсiптегi басты ереже – адал жұмыс жасау. Ешкiмнiң ақысын жемеңiз» дейдi.
Қазiргi заман – бизнестiң заманы. Сол үшiн де кәсiп ашамын, кәсiпкер боламын десеңiздер мемлекет тарапынан көрсетiлетiн көмек пен қолдау өте көп. Мүмкiндiктер де аз емес.
Адам өзiне өзi кедергi болмаса, жұмыс iстеймiн деп талпынған жан бiр жерден шығады. Өмiрде мүмкiн емес нәрсе жоқ. Сондықтан да кәсiпкер болғысы келетiндерге: «қолымнан келмейдi, жасай алмаймын» деп тартынбау керек, нақты ойыңыз болса, оны мiндеттi түрде жүзеге асырыңыз! Мемлекеттiң берiп жатқан мүмкiндiктерiн тиiмдi пайдаланыңыздар!
Бота Болатова.