Осы аптада Шардара аудандық полиция бөлiмiнде 23 маусым «Полиция күнi» мерекесiне орай iшкi iстер органдарында көп жылдар еңбек етiп, зейнеткерлiкке шыққан ардагерлердi Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгi атынан  «Қазақстан полициясына – 30 жыл» төс белгiсiмен марапаттау iс-шарасы өткiзiлдi.

Шара барысында ұйымдастырушылар атынан аудандық полиция бөлiмi бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Сәбит Тасқынбаев сөз алып, Қазақстанның өсiп-өркендеуiне, елiмiздiң бейбiт өмiр кешуiне өз үлестерiн қосқан, өмiрдiң талай белестерiнен табысты өтiп, еңбектiң зейнетiн көрiп отырған шақта әр ұрпаққа игiлiк пен iзгiлiктiң, пайым-парасаттың үлгiсiн танытқан ұжымның арқа сүйер ардақты ардагерлерiн мерекелерiмен құттықтады.         

Қазiргi таңда ауданымызда iшкi iстер органдарында көп жылдар еңбек етiп, зейнетке шыққан ардагерлерiмiз қарап отырмай әрдайым қоғамдық қызметтерге атсалысып, iшкi iстер органдарындағы әртүрлi iс-шараларға қатысып, өз тәжiрибелерiмен бөлiсiп, жас мамандар тәрбиесiне сүбелi үлестерiн қосып келедi.       

Шара барысында Шардара аудандық полиция бөлiмiнiң 20 ардагерiне төсбелгiлер табыс етiлдi. Содан соң Н.Бекжанов, А.Айдарбеков сияқты ардагерлер сөз алып, елге құрмет, антқа адалдық, рух берiктiгi және қатаң жауапкершiлiк полиция қызметкерiн әр уақытта даралап келгендiгiн және қоғамдағы бейбiтшiлiк пен тәртiптi сақтаудағы, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуде полиция қызметкерлерiнiң еңбегi зор екенiн атап өттi.             

Соңында ардагерлер естелiк суретке түсiп, тәртiп сақшыларының қиын да қауiптi қызметiне сәттiлiк тiледi.  

Б.Матжанұлы.