Түркiстан қаласында тұңғыш рет жағажай ашылды. Тарихи шаһардағы туристiк-рекреациялық орталығының ашылу салтанатына Түркiстан облысының аудан, қалалары мен Шымкент қаласынан және өзге де шаһарлардан саяхатшылар келдi. Түркiстан облысының әкiмi Өмiрзақ Шөкеев «Шаға» жағажайын аралап көрiп, жұмысына сәттiлiк тiледi.

Жағажайдың ашылуында балаларға арналған түрлi ойындар ұйымдастырылды. Сонымен бiрге көпшiлiктiң қатысуымен түрлi ойын-сауық бағдарламалары ұсынылып, байқаулар өттi. Су айдынында желкендi қайықтар жүзiп, облыстың ескек есушiлерi өз шеберлiктерiн көрсеттi. Танымал диджейлер мен өнерпаздар өнер көрсетсе, кештiң басты әншiсi Қайрат Нұртас өз жерлестерiне әннен шашу шашты. 

Жағажайға келген демалушылар Түркiстанда ашылған жаңа туристiк орынға ризашылықтарын бiлдiрдi. Отбасымен суға шомылып, көңiлдi байқауларға қатысып, шоу-бағдарламаны тамашалады. Жағажай жұмысын бастаған алғашқы күннiң өзiнде бiрнеше мың адам келiп, «Шағадан» шаттанып қайтты. Бұл жағажай туризмдi дамытып қана қоймай, Түркiстан аумағын көгалдандыру, ауа- райын жақсартуға да оң серпiн бермек.

Демалыс аумағының құрылысы 2020 жылы қараша айында басталды. Жалпы ауданы – 81 гектар. Ал суының сыйымдылығы – 2,5 млн текше метрге жуық. Қазiргi таңда жасанды су айдынында 2 млн текше метр су бар. Көктемгi суды қабылдайтын, су жiберетiн каналдар да дайын.

Жағажайда емдiк қасиетке ие шағыл құм төселiп, ағаш отырғызылған. Жаңа туристiк нысанға баратын жолдың сапасы да жоғары деңгейде. Алдағы уақытта балалар демалыс аумағы, элиталық коттедждер мен қонақүйлер, аквапарк салынады деп жоспарланып отыр.

Аудан әкiмiнiң баспасөз қызметi.