АУДАНЫМЫЗДЫҢ МӘДЕНИ КҮНДЕРI ӨТТI
15-16-17 шiлде күндерi Түркi жұртының төрi – Түркiстан қаласында «Түркiстан – Түркi әлемiнiң жүрегi» атты Шардара ауданының мәдени күндерi болып өттi.
Түрленген Түркiстандағы шара «Фараб» ғылыми әмбебап кiтапханасында ардагер ұстаз, ақын, «Перiште пейiл» жыр кiтабының авторы Нұрғали Ыбырайымның «Перiште пейiлдi шайыр» атты жыр кешiмен басталды. Ақынын ардақтаған халықпыз ғой, үлкен iс-шараның ақынға құрмет көрсетуiмен басталғанын жақсы ырымға баладық. Түркiстанның төрiндегi жыр кешiн газетiмiздiң бас редакторы, ақын Сәбит Лаханов шырайын келтiре жүргiзiп отырды.
Кеш барысында көптен берi тыңдарманмен үлкен аудиторияда жолыға алмай жүрген шардаралық шайыр шабыттана жыр оқыды. Аудандық мәдениет үйiнiң әншiлерi бiрiнен соң бiрi ақынның сөзiне жазылған Лесбек Амановтың, Ағабек Дөңбайдың, Жұпаркүл Бекшораевалардың тамаша әндерiн әуелете орындап, кештiң көрiгiн қыздырды. Бiр топ оқушылар (оның iшiнде ақынның 4 жасар немересi де бар) ақын туындыларын жатқа оқып, өлеңсүйер қауымды риза еттi.
Жанымызға жайма шуақ мезет сыйлаған жыр кешiнде аудан әкiмiнiң орынбасары Бауыржан Шомпиев, бiр кездерi Шардара ауданының әкiмi қызметiн атқарған Серiкбай Ибадуллаев, ақынның құрдастары атынан ауданымыздың «Құрметтi азаматы» Зәкiрхан Талбидин, бiр топ ағайындардың көшiн бастап барған Тұрғанбек Қалдарбекұлы, «Қазыбек Иса атындағы шығармашылық бiрлестiктiң» атынан ақын, жыршы-термешi Әбдiғаппар Айдаровтар сөз алып, кеш иесiне iзгi тiлектерiн бiлдiрдi, құттықтаулар табыстап, иығына оқалы шапан жапты. Ақын да өз кезегiнде елге деген ыстық ықыласын жалынды жырлары арқылы бiлдiрдi.
Мұнан кейiнгi шара белгiлi сазгер, Шардара ауданының «Құрметтi азаматы» Лесбек Амановтың өмiрi мен шығармашылығына арналған «Қара бауыр қасқалдақ» атты музыкалық әдеби кешке ұласты. Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өткен кеште сазгердiң әндерi жинақталған жаңа кiтаптың тұсауы кесiлдi.
Шығармашылық кеш «Созақ» триосының орындауындағы «Қара бауыр қасқалдақ» әнiмен басталып, Л.Амановтың мол мұрасы жайлы естелiктермен жалғасты. Кеш барысында сөз алған Шардара ауданының әкiмi Қайрат Жолдыбай сазгердiң ән әлемiне кеңiнен тоқталды. «Лесбек Амановтың әрбiр туындысы ел арасында кеңiнен танылып, халық әнiне айналып кеттi десек болады. Ұзақ уақыт бойы өңiр мәдениетiне аянбай қызмет етiп, қазақ ән өнерiне зор еңбек сiңiрдi. Ендiгi жерде сазгердiң өмiршең әндерiн насихаттау бiздiң парызымыз» - деген аудан әкiмi шараны ұйымдастырушыларға алғыс бiлдiрдi.
Сонымен қатар, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темiрхан мен облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының басшысы Мейiржан Әлиакбаровтар өз сөздерiнде сазгердiң әндерiнiң шығу тарихын, кiтаптың шығу барысы жайлы айтып өттi. Содан соң зиялы қауымның қатысуымен жаңа ән жинақтың тұсауы кесiлдi. Бұл кештi белгiлi ақын, термешi Әбдiғаппар Айдаров жүргiзiп отырды.
Әсем кеште сазгердiң елiмiзге танымал үздiк әндерiн облыстан шыққан өнер иелерi орындап шықты. Шардара ауданының облыс орталығындағы мәдениет күндерi аясында өткен аталмыш шара мақсаты – Түркiстан өңiрiнен шыққан тұлғалардың еңбегiн дәрiптеу арқылы қазақ ән өнерiне үлес қосу және ел арасында сазгер туындыларын кеңiнен насихаттау болып табылады.
Осы күнi Шардара ауданының өнерпаздары дайындаған арнайы концерттiк бағдарлама күн ұясына батар сәтте басталды. Түркiстандықтар мен қала қонақтары орталық алаңда аудандық кiтапхана ұжымы мен аудандық тарихи-өлкетану мұражайы ұйымдастырған көрмелердi тамашалады. Кiтапхана ұжымы ұйымдастырған көрмеде Шардарадан шыққан ақын-жазушылардың шығармалары кеңiнен көрiнiс алса, мұражайшылар ұйымдастырған көрмеде музей қорындағы балбалтас, тас мүсiн мен қыш құбырлар, шардаралық қолөнер шеберлерiнiң дүниелерi мен әуесқой аңшылардың қолымен жасалған жыртқыш аңдардың тұлыптары да қойылды.
Кешкi концерттiк бағдарлама әуесқой сазгер, Алатау батыр ауылдық мәдениет үйiнiң қызметкерi Ахмет Молдағұловтың Сәбит Лахановтың сөзiне жазылған «Түркiстан – бет түзейтiн құбыламыз» атты әнiмен шымылдығын түрдi. Кеш барысындағы Шардарадан шыққан 90 Әлем чемпионының сап түзеп, шеруге шығуы да әсерлi болды.
Шара барысында аудан әкiмiнiң орынбасары Б.Шомпиев кеш қонақтарының шардаралықтарға қолдау бiлдiргенiне алғыс айтып, шараның жоғары деңгейде өтуiне атсалысқан бiр топ азаматтарға Шардара ауданы әкiмi атынан марапаттар табыстады.
Тыңдармандарға керемет көңiл-күй сыйлаған концерттiк бағдарлама аясында жергiлiктi сазгерлер – Мамыр Жалаңбасов, Лесбек Аманов, Әкiм Мұсақұлов, Тұрлан Әшiмов, Ағабек Дөңбай, Ахмет Молдағұлов, Абзал Құралбаев, Iзбасар Кеңестiң туған жер, Отан тақырыбындағы тамаша туындылары орындалды.
Шараның екiншi күнiнде «Шежiре-дастан» тақырыбында жыр-терме, күй- дастан, халықтық фольклор өнерiнiң кешi мен «Халық әнi – қазынам» атты тақырыпта «Мерей» фольклорлық ансамблiнiң концерттiк бағдарламасы өттi.
Осындай шат-шадыман көңiл-күйде болған шардаралықтар 17 шiлде күнi ауыл шаруашылық тауарларының жәрмеңкесi мен гала-концерт ұйымдастырды.
Өз тiлшiмiзден.