Таяуда қазақстандықтар үшiн кәсiпкерлiктi оқытатын жоба – «Бастау Бизнес» жобасы басталды. Аталмыш жобаға өтiнiм қабылданып, оқыту шаралары басталып кеттi.

Оқырмандарымыздың арасынан бұл жобаға қызығушылық танытқандар басым. Осы орайда бiз аудандық «Жұмыспен қамту орталығының» мамандарымен аз-кем сұхбаттасуды жөн көрдiк. «Жұмыспен қамту орталығына» қарасты жұмыс берушiлермен жұмыс жасау бөлiмiнiң бас маманы Бағила Ибрагимова «Бастау Бизнес» жобасы жайлы кеңiрек тоқталды.

– «Бастау Бизнес» жобасы жайлы түсiндiрiп өтсеңiз?

– «Бастау бизнес» жобасы 2021-2025 жылдарға арналған кәсiпкерлiктi дамытудың ұлттық жобасына сәйкес жүзеге асырылып отыр. Мұндағы мақсат – жұмыссыздықты азайту және монополист компанияларға бәсекелестiк тудырып, нарықтағы бағаларды төмендету мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Оқыту 25 шiлдеден бастап жаңа форматта қолжетiмдi болып отыр. Өз iсiн бастауды жоспарлап отырған азаматтар ендi business.enbek.kz порталына тiркелiп, одан кейiн Skills.enbek.kz платформасы арқылы онлайн режимде оқытылады.

«Бастау бизнес» жобасы нақты жұмыссыздарға және кәсiпкерлiктi ендi бастаған жандарға арналған. Оқыту басталды. Оқу барысы онлайн өтетiн болғандықтан қатысушыларға шәкiртақы төленбейдi. Оқу ұзақтығы 14 күн.

– Оқуды аяқтаған кәсiпкерлер қандай да бiр артықшылықтарға ие бола ала ма?

– «Бастау Бизнес» бағдарламасының аты айтып тұрғандай кәсiптi бастауға арналған жоба. Оқуды сәттi аяқтағандарға сертификаттар берiледi.   Бұл сертификат арқылы микроқаржы ұйымдарынан кепiл қою арқылы қаражат алуға болады. Микрокредиттiң мерзiмi – 5 жылға дейiн, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшiн микрокредит мерзiмi – 7 жылға дейiн.

Осы сертификаттың негiзiнде санаты дұрыс келетiн азаматтар жаңа бизнес идеяларды iске асыру үшiн берiлетiн мемлекеттiк грантқа қатыса алады.

– Жобаға қандай санаттағы азаматтар қатыса алады?

– 29 жасқа толмаған, грант алуға дейiн өтiнiш бергенге дейiн үш жылдан кем дара кәсiпкер ретiнде тiркелген немесе бiрыңғай жиынтық төлемдi төлеушiлер болып табылатын жас кәсiпкерлер;

– атаулы әлеуметтiк көмектi, көпбалалы отбасыларға немесе оның жұбайына төленетiн жәрдемақыларды, асыраушысынан айырылған жағдайда төленетiн әлеуметтiк жәрдемақыларды алушыларды, қоныс аударушыларды, қандастарды, еңбекке қарсы көрсетiлiмi жоқ мүгедектiгi бар адамдарды, мүгедектiгi бар бала тәрбиелеп отырған адамдарды және оның жұбайы, жастарды қамтитын халықтың әлеуметтiк осал топтарына берiледi.

– Берiлетiн гранттың мөлшерi қанша?

Гранттар жаңа бизнес идеяларды iске асыру үшiн өтеусiз және қайтарымсыз негiзде 400 еселенген айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде берiледi.

Осы жылдың 8 тамызы мен 19 тамызы аралығында грантқа электронды өтiнiш берудiң бiрiншi легi басталады. Өтiнiш беру business.enbek.kz порталында iске асырылады.

Бөлiнiп жатқан қаражат – кәсiп бастауға берiлетiн мүмкiндiк. Жобаға қатысқан әр қатысушы осы мүмкiндiктi пайдаланып, әрекет етiп, кәсiптi дамытуға тырысу керек. 

 – Әңгiмеңiзге рахмет!

Сұхбаттасқан А.Өсербай.