Аты аңызға айналған Отырар – ортағасырлық ежелгi қала, ұлылар дүниеге келген қасиеттi мекен. 

Апта басында Шардара аудандық тарихи-өлкентану музейiнде өзiндiк қасиетi мен өзiнен шыққан сайыпқыран-дарымен танымал Отырардың тарихын насихаттау мақсатында  Түркiстан қаласынан  Әбу Насыр әл-Фараби атындағы «Руханият» музейiнiң бөлiм басшылары арнайы келiп, «Отырар алқабының тұлғалары мен мұралары» атты көшпелi көрмесiн жоғары дәрежеде дәрiптедi.

Көрменiң мақсаты – қаланың тарихы мен тұлғаларының өмiрiнен сыр шертетiн көне жәдiгерлердi қала тұрғындары мен қонақтарына насихаттау, өскелең ұрпақтың бойына сiңiру. Түркi әлемiнiң астанасы атанған Түркiстан қаласын болашақта төрткүл дүниеге таныту.

Көрмеге күш атасы – Қажымұқанның атқа мiнер үзеңгiсi, вальс падишасы – Шәмшi Қалдаяқовтың әйгiлi Отырар әнұранын жазған ноталары (қағазға түсiрiлген), Мұхтар Шахановтың кiтаптары мен көзiлдiрiктерi, қоғам қайраткерi Қуаныш Айтаханов пен ұлт мұрасының жайын ойлаған Өзбекәлi Жәнiбековтiң құнды мұралары, тарихи-этнографиялық жәдiгерлер мен қолөнер және қылқалам шеберлерiнiң туындылары қойылды. Сонымен қатар Отырардың көне ғұламасы, шығыстанушы Әл-Фарабидiң хиссалары мен әпсаналары, Ахмет Ясауидiң хикметтерi жазылған бiрнеше кiтаптары көпшiлiктiң назарына ұсынылды. 

Көрменi аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Тоқсанбай Бердiбеков, қала әкiмi Олжас Айдосов, ауданның «Құрметтi азаматы», «Құрмет» орденiнiң иегерi Тәңiрбердi Ағманұлы, «Құрмет» орденiнiң иегерi, ардагер ұстаз Жамал Өтегенқызы, «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Батыр Қалдарбек пен ауданның жастар қауымы, аудандық iшкi саясат бөлiмi басшысының мiндетiн атқарушы Арапбек Әлiбеков, бас маманы Сағындық Iзбасханов, еңбек ардагерлерi және БАҚ өкiлдерi арнайы тамашалады.

Шара барысында Әбу Насыр әл-Фараби атындағы «Руханият» музейiнiң бөлiм меңгерушiсi Жанболат Оралбекұлы көрерменге көрменi таныстырып, ондағы құнды жәдiгерлердiң тарихына жеке-жеке тоқталып өттi.  

Шарада алғаш болып сөз алған аудандық ардагерлер кеңесiнiң төрағасы Тоқсанбай Бердiбеков: «Отырар – Әмiр Темiрдiң ақырғы демiн алып, Алла аманатын тапсырған мекен, ұлтының мұрасы мен қазынасын ойлаған Өзбекәлiдей қоғам қайраткерi бар, әнiмен қазақтың ұлттық болмысын айқындап, әнұранын тудырған Шәмшiдей сазгерi бар, өткiр ойы мен орамды сөзден өлең өрген Мұхтардай ақыны бар, тәрбиесiз берiлген бiлiмдi адамзаттың қас жауы екенiн ұқтырған, ислам дiнiн уағыздап, ислам iлiмi жолында жастарға тәлiмi мен тәрбиесiн берген Ахметтей, Әл-Фарабидей сопылары бар Отырар даласының дархан тарихы ел келешегiнiң рухани байлығы» дедi. 

Шараның қызған сәтi қала әкiмi О.Айдосовтың арнайы келген музей ұжымына Алғыс хат табыстаған кезi болды. Аудандық тарихи-өлкентану музей ұжымы да қалыс қалмай, көрме ұйымдастырушыларға естелiкке сый-сияпат жасады. 

Шардара аудандық тарихи-өлкетану музейiнiң меңгерушiсi Нұрлан Смайылов ағамыз қазақтың бойтұмары – Отырардың тарихын дәрiптеп, Түркiстаннан арнайы келiп, көрме экспозициясын керемет әзiрлеген  Әбу-Насыр әл-Фараби атындағы «Руханият» музейiнiң бөлiм басшысы Жанболат Оралбекұлы мен реставраторы Шалатай Орабекұлына өз алғысын айтты.

Шара соңында қонақтарымыз «Руханият» музей ұжымы дайындаған көрменi тамашалап, естелiкке суретке түстi.

                    Ақбота Өсербай.