Елiмiздiң түкпiр-түкпiрiнде мемлекеттiк қызметте жемiстi еңбек етiп жүрген жерлестерiмiз аз емес. Кешегi аптада бiрқатар жерлестерiмiз жаңа қызметтiң тiзгiнiн ұстады.

Дәлiрек айтсақ, Түркiстан облысының әкiмi Ө.Шөкеевтiң өкiмiмен Бадырақов Нұрбек Бақтыбайұлы Ордабасы ауданының әкiмi болып тағайындалды.

Нұрбек Бақтыбайұлы 1988 жылы дүниеге келген. Бiлiмi – жоғары. Еңбек жолын 2009 жылы Оңтүстiк Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасында статист болып бастаған. Осы мекемеде бiрқатар қызметтер атқарды. Сонымен бiрге ҚР Парламентi Мәжiлiсiнде депутат көмекшiсi, Қазақстан Республикасы ауыл шаруашылығы министрлiгiнiң агроөнеркәсiптiк кешенiндегi мемлекеттiк инспекция комитетiнiң Оңтүстiк Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы, Шымкент қаласы әкiмi аппаратының басшысы лауазымдарында жұмыс iстедi. 2018 жылдан қазiргi уақытқа дейiн Түркiстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып еңбек етiп келдi.

Тағы бiр жерлесiмiз Оспанов Тұрғанбек Үсенбекұлы облыс әкiмiнiң өкiмiмен Түркiстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Тұрғанбек Үсенбекұлы 1961 жылы 2 ақпанда Оңтүстiк Қазақстан облысы, Шардара ауданында дүниеге келген. Бiлiмi – жоғары. Еңбек жолын 1977 жылы Шардара ауданындағы №1 ЖМК «Қызылқұмкеңшарқұрылыс» трестiнде құрылысшы болып бастаған. Онан кейiн Мақтаарал аудандық қаржы бөлiмiнде, Шардара ауданындағы ПМК-22 «Чардарастрой» басқармасында, Сүткент кеңшарында, Шардара аудандық мемлекеттiк салық инспекциясында, Қаржы бақылау комитетiнде қызмет атқарған. Одан бөлек Шардара аудандық мәслихатының Тексеру комиссиясының төрағасы, Шардара аудандық ауыл шаруашылығы бөлiмiнiң бастығы, Шардара ауданы әкiмiнiң орынбасары, Шардара қаласының әкiмi болып елге еңбек сiңiрдi. Оңтүстiк Қазақстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, 2018 жылдан бастап қазiрге дейiн Түркiстан облысы ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары лауазымын атқарды.

Жаңа қызметке тағайындалған жерлестерiмiзге жемiстi еңбек тiлеймiз.

«Өскен өңiр» – ақпарат.