Жастар – қоғамның қозғаушы күші, ең белсенді бөлігі, жарқын болашақ кепілі, ал, болашақ бүгіннен басталады! Қазақстанды дамыған, алдыңғы қатарлы мемлекеттердің арасына қосу жастардың қолында. Мемлекет басшысынан бастап түрлі деңгейдегі басшылар жігерлі жастармен әрдайым кездесулер ұйымдастырып отырады.
Шағалалы өлкеде де білімді әрі жалынды жастар аз емес. Сол жастар түрлі салада шыңдарды бағындырып, әрқилы белестерден сүрінбей өтіп келеді.
Кеше аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев еркін форматта жастармен кездесу өткізді. Шара Сырдария өзені бойынан орын тепкен «Rauda-Park» демалыс аймағында ұйымдастырылды.
Еркін форматта өткен кездесуге ауылдық округтердегі жастар ісі жөніндегі әдіскер нұсқаушылары, «Дипломмен ауылға», «Жасыл ел», «Жастар практикасы» мемлекеттік бағдарламаларының қатысушылары, «Жас Руханият» жастар қанатының төрағасы, білім, денсаулық, мәдениет, спорт, өнер саласының өкілдері, ауыл шаруашылық мамандары, жас кәсіпкерлер және аудан орталығындағы мекеме жастары қатысты.
Кездесуде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев: «Елімізді іргелі мемлекетке айналдыру сіздердің қолдарыңызда, яғни болашағымыз жастардың жауапкершілігінде. Сондықтан, жастар қауымы уақыттың кез-келген сынағына, бәсекеге төтеп беруге дайын болуы керек. Отанымыздың санасы сергек, жаңа заманның технологияларын меңгерген нағыз патриоттары ғана осындай сынақтардан сүрінбей өте алмақ. Себебі, жастары белсенді елдің ертеңі жарқын. Сондықтан, сіздерді қоғамдағы барлық салаға атсалысып, Тәуелсіздіктің тұғырлы болуы жолында аянбай еңбек етуге шақырамын», - деп жастарды жан-жақты демеуде Мемлекет басшысының өзі үлкен көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Өз кезегінде белсенді жастар түрлі сұрақтарын қойып, ашық пікір алмасуға шықты.
Кездесу барысында жастар тарапынан түрлі жобаларды қорғау, оларды жүзеге асыру, кинотеатр ашу, жастар демалатын орын ашу, «Жайдарманды» дамыту, жастарды тәрбиеге дәріптейтін кештер ұйымдастыру, білім орындарын көбейту секілді ұсыныстар айтылды. Содан соң жастарымыз Бауыржан ағамыздың ағалық кеңесін алып, осы кездесуді ұйымдастырған «Жастар ресурстық орталығының» КММ директоры Батыр Қалдарбек ағамызға өз алғыстарын айтты.
Кездесуді қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Б.Шомпиев қаламызда түрлі байқауларға қатысып, шараларда биіктен көрініп жүрген белсенді жастарымызды Алғыс хатпен марапаттады. Олардың қатарында «Bilim centr» білім беру орталығының директоры Мақсат Пірімбетов, «Жайдарман» ойынының чемпионы Нұржан Жұмабай, Ұзын ата жалпы орта мектебінің тәлімгері Сағынғали Құрақбайұлы бар.
Шара соңында жастар аталған кездесуді әуезді әндер орындалған, керемет күй төгілген, жастар сырлы сұхбат қылған әдемі кешке ұластырды.
Еліміздің ертеңгі болашағы, бүгінгі жастар осы кездесуден келелі ой түйіп, өздерінің өмірлік бағытын таңдай білсе, келешегіміз кемел боларына сенім мол. Бұл кездесу – әр жасқа ерекше серпін беретін, болашағына даңғыл жол салатын игі іс деп есептейміз.
Өз тілшімізден.