Балалар жылы аясында аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жас отбасы институттарын дамыту, отбасы құндылықтарын сақтау және оларды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру мақсатында Қ.Тұрысбеков ауылдық округінде «Бақытты жас отбасы» тақырыбында отбасылар арасында интеллектуалды және спорттық сайыстар өткізілді.
Сайысқа Набирәлиевтер, Әбілқасымовтар, Ізтұрғанов, Мамытов, Мұсабеков, Жүнісовтер атты алты отбасы қатысты.
Жарыс барысында қатысушы отбасылар ой ұшқырлықтары мен ептіліктерін көрсетті. Жарыс кезеңдерінен мүдірмей өтіп, шапшаңдықтарының арқасында сайысты қыздыра түсті.
Аталған сайысқа әділ бағасын беріп, төрелік еткен қазылар алқасының құрамында аудандық ішкі саясат бөлімінің инспекторы Мақсат Қасымов, аудандық «Өскен өңір» газетінің тілшісі Ақбота Өсербай, Қ.Тұрысбеков ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Айнабек Қошалиевтер болды.
Тартысты өткен сайыстың нәтижесінде 1-ші орынды Набирәлиевтер отбасы жеңіп алса, 2-ші орынды Әбілқасымовтар отбасы иемденді. Ал 3-ші орынға Ізтұрғановтар отбасы лайық деп танылып, оларға бағалы сыйлықтар табыс етілді. Жарысқа қатысып, белсенділік танытқан өзге отбасылар арнайы Алғыс хаттармен марапатталды.
Жарыс соңында қатысушылар естелікке суретке түсіп, сайысты ұйымдастырушы топқа өз алғыстарын айтты.
Б.Нұрполатқызы.