Биылғы жылы ауданда 57 800 га жерге ауылшаруашылығы дақылдары орналастырылды. Тарата айтсақ, 1010 га жерге күздік бидай, 1530 га жерге жаздық арпа, 3510 га жерге дәндік жүгері, 670 га жерге маш, 15643 га жерге мақта, 17115 га жерге ескі жоңышқа, 4068 га жерге жаңа жоңышқа, 4250 га жерге сүрлемдік жүгері, 250 га жерге картоп, 660 га жерге көкөніс, 8494 га жерге бақша, 600 га жерге күріш дақылдары егілді.
Бүгінге дейін 1010 га күздік бидайдан – 3040 тонна, 1530 жаздық арпа дақылынан – 4340 тонна, 250 га картоптан – 5230 тонна, 660 га көкөністен – 23 310 тонна, бақшадан – 222 050 тонна өнім алынды. Сондай-ақ, 17115 га ескі жоңышқадан – 202 500 тн, 4068 га жаңа жоңышқадан – 9044 тонна, табиғи, дала шөптерінен – 117 100 тн, 4250 га сүрлемдік жүгеріден 145 100 тонна өнім жиналды. Өнім жинау жалғасуда.
Күзгі мақта жиын-терім науқанын ұйымшылдықпен өткізуді қамтамасыз ету мақсатында аудан әкімдігінің қаулысымен (№225 19.08.2022 ж.) жиын-терім жұмыстарына жәрдемдесу жөнінде аудандық штаб құрылып, штаб құрамына тиісті мамандар енгізілді. Күзгі жиын-терім науқанын ұйымшылдықпен өткізуді қамтамасыз ету үшін төмендегі іс-шаралар атқарылатын болады.
- Күзгі жиын-терім науқанына қатысатын ауылшаруашылығы техникаларының (тракторлар, тіркемелер, автомашина және мақта теретін комбайндар) дайындығын қадағалау, тиімді пайдалануға ықпал жасау, қажетті жағдайда көрші аудандардан техникалардың қатысуын қамтамасыз ету.
- Күзгі жиын-терім жұмыстары кезінде техника және өртке қарсы қауіпсіздік шараларын, жарықпен қамтамасыз етілуін, жол ережелерінің сақталуын және мақта теріміне қажетті терімшілерді ұйымдастыру.
- Мақта қабылдау пункттерінің жұмыстарын қайта саралау, электр қуатымен қамтылуы, электр желілері арқылы атқарылатын жұмыстардың қауіпсіздік шаралары мен техникалық қауіпсіздік шараларының орындалуын бақылау.
- Күзгі жиын-терім науқаны кезінде күнделікті тұтынуға қажетті азық-түлік тауарларының сапасын, сауда дүңгіршіктері мен қоғамдық және жекеменшік тамақтандыру орындарында барлық санитарлық жағдайлардың сақталуын қадағалау, жұқпалы аурулардың алдын алу жұмыстарын жүргізу.
Алдын ала болжамдық есеп бойынша күзгі мақта жиын-терім жұмыстарына 290 дана мақта комбайны, 586 дана тасымалдайтын трактор, 1024 дана тіркеме және бастапқы кезде 5000-нан астам терімші қатысып, мақта жиын-терімін қазан айының аяғында аяқтау жоспарлануда.
Қазіргі кезде «Ай-Си-Си» ЖШС, «Мырзакент» ЖШС, «АИИГ Қазақстан» (Нимэкс) ЖШС, «Ұзын ата мақта» ЖШС, «МинЛегПром» ЖШС, «Акбура Контракт» ЖШС, «Нұр Агро» ЖШС, «Ақ-Алтын» ЖШС, «Жігерлі» ЖШС, «Шардара мақта» ЖШС және «Алаулы» ЖШС мақта компанияларына қарасты 30-дан астам мақта қабылдау пункттерінде өнім қабылдау жұмыстары басталып кетті.
Ағымдағы жылы ауданда 15 643 га жерге мақта дақылы егілді. Қазіргі кезде мақталықтарды дефолиациялау жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда 15643 га мақталықтың 9960 га дефолиацияланды.
Болжамдық есеп бойынша ағымдағы жылы да мақталықтан мол өнім алып, 1 га түсімділігін кемінде 27,5 центнерге жеткізіп, аудан бойынша жалпы 43 мың тоннадан астам өнім алынады деп күтілуде.
Аудандағы ауыл округтерінде мақта терімі басталып, бүгінге дейін 130 тн «ақ алтын» дайындалды. Мақта жиын-терім жұмыстары күннен күнге қарқын алуда.
Үкімет тарапынан аудандағы шаруаларға күзгі дала жұмыстары үшін 4030 тн жанар-жағармай бөлініп, тасымалдау жұмыстары жүргізілуде.
Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі.