Газетіміздің өткен санында ауданымызда «Аmanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдауы өткізілетіні жайында хабарлаған болатынбыз. 9 қыркүйек күні «Аmanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесі облыстық мемлекеттік мекеме қызметкерлерінің қатысуымен ауданымыздың шалғай елдімекендерінде мобильді қоғамдық қабылдау өткізді.
Мобильді топ құрамында облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, облыстық жауапты басқармалар мен салалық бөлім басшылары, құқық қорғау органдарының өкілдері болды.
2022 жылдың 15 наурызында бастау алған «Аmanat» партиясы Түркістан облыстық филиалының мобильді қоғамдық қабылдау тобы өңірдің 14 ауданы, 66 шалғай елдімекенін аралап, азаматтардың мәселесін тыңдады. Жалпы 900-ден астам арыз-шағымдар келіп түсіп, оның 350-ден астамы оңтайлы шешілді.
«Аmanat» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың азаматтарды мобильді қабылдау, шалғай ауыл тұрғындарымен кездесулер өткізу туралы тапсырмасына сәйкес, Орталық аппаратының бастамасымен Түркістан облыстық партия филиалының мобильді қоғамдық қабылдау тобы әр ауданда кемінде 5 шалғай елдімекендерінде мобильді қоғамдық қабылдау өткізуде. Ауыл тұрғындарының өтініштерін аудан орталықтарына бармай, тікелей жеткізулеріне мүмкіндік тудырып отырған бүгінгі «Аmanat» партиясының қоғамдық қабылдауын өте дұрыс шешім деп санаймын. Құрметті, ауыл тұрғындары, келіңіздер, көкейде жүрген мәселелеріңізді айтып, жауап алыңыздар, – деді аудандық мәслихат депутаты С.Айдосов.
«Аmanat» партиясы алғашқы қоғамдық қабылдауын Алатау батыр ауылдық округінен бастады. Қабылдау барысында ауыл тұрғындары шешімін таппай келген түйіткілдерді көтеріп, өз шағымдарын жеткізді. Атап айтсақ, табиғи газ құбырын үйлерге жеткізу, көгілдір отынмен қамту, су тарифін бекіту, ауылда ойын алаңын салу, мектепте мұғалімдерге сағат жетіспеуі, мал шаруашылығы, көшені жарықтандыру, азаматтық тәртіпке талап-арыз түсіру, тік дренаж қабылдау, жер телімі, ауыз су секілді мәселелер.
– Ауылды жерде тұрғандықтан күнкөрісіміз тікелей төрт түлікке байланысты. Дегенмен, ауырып не басқа жағдайлармен үй жануарлары өліп қалып жататын жағдайлар сирек те болса кездесіп жатады. Осы уақытқа дейін ауыл сыртында мал өлексесін жинайтын арнайы орын бартын. Бірақ қазір ол жер толып қалғандықтан, жарамсыз күйде. Бүгін «Аmanat» партиясы ұйымдастырып отырған осы қабылдауға осы мәселем шешілер деген ниетпен келдім. Тиісті жауап алдым. Ауыл әкімдігі хат жолдап, құрылыс үшін 0,1 га жер сұратылыпты. Құжаттар реттелген соң оң шешімі шығады деп сенемін – дейді ауыл тұрғыны.
Жалпы қабылдау кезінде тұрғындардан келіп түскен арыз-өтініштерде көтерілген мәселелер мен сұрақтардың саны – 901. Оның 20,5%-ы тұрғын-үй коммуналдық, 15%-ы жер, 14%-ы әлеуметтік көмек, 12,8%-ы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, 9,4%-ы білім беру, 8,1%-ы агроөнеркәсіп, 7,5%-ы денсаулық мәселелері.
Партияның кезекті қабылдаулары Қ.Тұрысбеков, Жаушықұм, Ұзын ата ауылдық округтерінде жалғасын тауып, өтініштерін арқалай келген ауыл тұрғындарының мәселелері оң шешіліп, тұрғындар жауапты сала мамандарымен тілдесіп, мәселенің анық-қанығына көз жеткізді.
Қоғамдық қабылдаудың нәтижесінде аталған мәселелер назарға ілініп, тіркелген әрбір өтініш партияның облыстық филиалы мен тиісті мекемелердің бақылауына алынып, мәселелердің шешілуіне ықпал жасалынатын болды.
Бота ӨСЕРБАЙ.