Ашығын айту керек – соңғы жылдары Шардара шаһары күн өткен сайын шырайланып, түрленіп келеді.
Үлкен көшелердің бойына желілік саябақтар салынып, қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орындарына айналуда. Сондай нысанның бірі қала орталығындағы Төле би көшесінің бойынан салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары таяу арада аяқталуы тиіс. Аталған нысан пайдалануға берілсе қалалықтардың демалыс орнына айналмақ.
Апта барысында аудан әкімі Қайрат Жолдыбай құрылысы қызу жүріп жатқан осы шағын бақтың (сквер) жай-жапсарымен танысты. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігермен сөйлесіп, жұмыс қарқынын тездету керектігін айтты. Тұрғындардың демалуына арналған нысанды қараша айына дейін ел игілігіне пайдалануға беру жоспарланған.
Сондай-ақ, аудан әкімі сол күні Жібек жолы көшесінің бойындағы ұзындығы 1 шақырымды құрайтын аяқжол құрылысын қарап шықты. Тиісті бөлімге құрылыс жұмыстарының сапасы мен уақытылы аяқталуын қадағалауды тапсырды.
«Өскен өңір» – ақпарат.