Апта басында аудандық «Қасиет» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен ұлттық тәрбиеміздің айшығы ретінде саналып жүрген батагөй қариялар арасында «Батаменен ел көгерер» атты сайыс өтті.
Аталған сайысты орталықтың басшысы Жұмабек Қабылов ашып беріп, ардагер ұстаз, лирик ақын Нұрғали Ыбырайым мектеп табалдырығын жаңа аттаған бүлдіршіндерге:
Жаның шуақты болсын,
Қаның қуатты болсын,
Тауың бұлақты болсын,
Көлің құрақты болсын,
Маңдайың жарық,
Жүргенде жолың ашық болсын,
Бала жүрегіне ата-ана,
Айналаң ғашық болсын!
Менің батам қабыл болсын,
Өмірің қуанышпен тасып-толсын! – деп бата берді.
Қазақ батасын алған адамға бата сыйын жасаған. Бата – адал ниет пен жақсы тілекті білдіретін ұлттық дәстүр, халық қазынасы деп, бүлдіршіндердің әжелері бата берген ардагер ұстазға шапан жауып, алғыстарын айтты.
Байқауда 5 үміткер сынға түсіп, шарт бойынша бірінші кезеңде үміткерлер өздерінің күнделікті өмірде беріп жүрген баталарын берсе, екінші кезеңде қазылар алқасының алдындағы жасырын конверттегі түрлі тақырыптағы бата түрлері бойынша бата берді.
Екінші кезең бойынша Сейдалиев Қонарбай «Тұсау кесу», Жамалханұлы Болат «Екі жасқа», Қыстау Ілесов «Сүндет той», Орақбаев Беркімбай «Сапар» және Нысанов Әнуарбек «Ас қайыру» дәстүріне арналған баталарын берді.
Сөздің қасиеті мен қадірін жете түсінген қазақ бата беруге, бата алуға аса мән берген. Шынайы жүректен шыққан бата ғана қабыл болады. Батаны жаттап емес, шын ниетпен, шын көңілмен берген дұрыс. Бүгінгі сайыста батагөй қарияларымыз бір емес, бірнеше бата берді. Осында отырған үлкен-кішіміз бар, түгелдей батаның әрбір сөзіне мән беріп, ұйып тыңдадық. Қасиеті мен қадірін түсіндік. Сіздерге көп рахмет! – деді орталық басшысы Жұмабек Нұржанұлы.
Қазылар алқасының шешімімен Қыстау Ілесов «Бас жүлдені» иемденді. І орынды Болат Жамалханұлы, ІІ орынды Қонарбай Сейдалиев, ІІІ орынды Әнуарбек Нысанов жеңіп алды. Сонымен қатар Беркімбай Орақбаевқа ынталандыру сыйлығы берілді.
Орталық басшысы, қажы Жұмабек Наржанұлы жеңімпаздарды Алғыс хатпен, бағалы сыйлықтармен марапаттап, өзінің ризашылық батасын берді.
Сайыста қарияларымызға әдемі көңіл-күй сыйлаған аудандық мәдениет сарайының әншілері Ербол Таңжарұлы, Бақберген Омаров, Айдар Әлмұрат, ақын, жыршы, термеші Әбдіғаппар Айдаров ағаларымыз әннен маржан шашып, көңіл тебірентер терме айтса, орталыққа келуші әжелеріміз «Барында оралыңның ойна да күл», «Есіңе мені алғайсың» әндерін керемет нақышта орындады.
Батагөй қариялар сайысының соңында Қыстау Ілесов пен Бәкір Қалмырза ағаларымыз жиналғандарға батасын берді.
«Жақсы сөз – жарым ырыс» деп текке айтпаған. Адамның адамдығын тілеуіне, пейіліне қарап өлшейтін қазақ баласы айтылған сөзге, тілеген тілек пен берілген батаға ерекше мән берген. Алты алаштың ардақтысы болған би-шешендеріміздің берген баталары ел аузында әлі де халық мұрасы болып сақталып келеді. Бүгінгі сайыста бата берген қарияларымыздың да берген ақ батасы өмірде жолымызды ашып, әрдайым жанымызға қорған болсын дейміз!
Бота Болатқызы.