Өткен аптада Түркістан облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі алқа төрағасы Н.Биболов Жетісай аудандық сотының ұжымына жаңадан тағайындалған судья Қарымсақов Жанат Ерғалиұлын таныстырды.
Жанат Ерғалиұлы Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 13 қыркүйектегі №1009 Жарлығымен Жетісай аудандық сотының судья лауазымына тағайындалды.
Жанат Ерғалиұлы сот жүйесінде 12 жылдық тәжірибеге ие, атап айтқанда, ол 2010 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Заңгер» мамандығы бойынша аяқтаған соң, Шардара аудандық сотында іс жүргізуші болып бастап, ары қарай жетекші маман, бас маман-сот мәжілісінің хатшысы қызметтерін атқарған.
2016-2018 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жанындағы Сот төрелігі Академиясында мамандандырылған білім алып, оны үздік аяқтаған және сол уақыт ішінде Германия мемлекетінде арнайы тағылымдамадан өткен.
Жерлесімізге жаңа қызметте зор жетістіктер тілейміз.
«Өскен өңір» – ақпарат.