Аталған шараға аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Қыстау Ілесов, қалалық қоғамдастықтың төрағасы Жамантай Жаңабай, сонымен қатар Алатау батыр ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Дүйсен Лесов, ауыл биі Қуан Сейсен, мектеп директорлары және мұғалімдері, мәдени қызметкерлері қатысты.

Аудандық тарихи өлкетану музейінің меңгерушісі Нұрлан Смайылов соңғы жылдарды аудан мен ауылдардың тарихын болашақ ұрпаққа насихаттау бағытында музейде екі бағытта жұмысты қолға алынғанын тілге тиек етті. Атап айтсақ, бірінші – «Ардақты ардагерлер», екінші – ауылдар жайлы кезек-кезек көрме өткізіп жатқаны. Оған дәлел, Құрмет орденінің иегерлері Тәңірберген Арманұлы, Қыстау Ілесов, Жамал Өтегенқызы, сонымен қатар Достық, Ұзын ата, Көксу, Қоссейіт ауылдары туралы көрме ұйымдастырылып, бір жарым ай көлемінде келушілерге таныстырылып, насихатталған.

Алатау батыр ауылы жайлы дайындалған көрмеде ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Дүйсен Лесов ауылды таныстыра келе, оның тарихына кеңінен тоқталды. «Қазақстан» кеңшарын алғаш құрап, басшылық жасаған Сырбек Кәттебековтен бастап, қазіргі ауыл әкімі Қалдыбай Қарабаевқа дейінгі басшылық еткендерді түгел атап өтіп, олардың іс-тәжірибелері, ерекшеліктері жөнінде әңгімелеп берді. Сонымен қатар еңбек озаттары Л.Жақсылықов, Д.Берниязова, Қ.Әлібаева, Т.Қанаевтар жайында естеліктерімен бөлісті. 1980 жылы мұнда облыс басшысы Бердібек Сапарбаев та болып, шаруалармен кездесу өткізгені жөнінде де біршама әңгіме өрбітті.

Алатау батыр ауылының биі Қуан Сейсен ауылдың едәуір өсіп келе жатқандығына тоқталды. Мұнда екі мектеп, екі балабақша, спорт алаңшаларымен қатар заманауи үлгіде салынған «Арасан» базары, «Ақұштап» тойханасы мен сауда орталығы, 4 шаштараз, дәмханалар, көлік жуу орындары мен желімдеу орталықтары ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп жатқандығы жөнінде айтып өтті.

С.Кәттебеков атындағы жалпы орта мектебінің директоры Нұркен Кәттебеков те ауылда әр салада еңбек етіп жүрген азаматтардың барлығы да осы ауылдағы екі мектептен білім алып, кәсіп бастап, шаруа жүргізіп жатқандарын мақтанышпен айтып өтті.

Көрмені насихаттау барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков «Қазақстан» кеңшары мен Шардара кенңшарлары арасында шаруашылық аралық байланыс болғанын, «Құрмет» орденінің иегері Қыстау Ілесов 1971 жылдары «Қазақстан» кеңшарының №4 Лес Жақсылықов басқаратын бөлімшеде күріш бітік өсіп, басын көтере алмай жатып қалғандықтан соны оруға мектеп арқылы барғандығын, мұнда кәсіпкерлік саласы кең қанат жайғандығын, қалалық қоғамдастық төрағасы Жамантай Жаңабаев қызмет барысымен ауыл басшыларымен тығыз байланыста болғандығын атап өтті.

Алатау батыр ауылдық округіне екі жыл басшылық етіп, қазіргі таңда аудандық қоғамдық кеңесінің төрағасы болып жүрген Мұрат Нұрпейісов ауыл тұрғындарының ауызбіршілігін, іскерлігін атап өтті.

Көрмені қорытындылаған аудандық тарихи өлкетану музейінің меңгерушісі Нұрлан Смайылов көрмені құрастырып, жасаудағы Алатау батыр ауылының биі Қуан Сейсеннің еңбегінің ерекше екенін атап өтіп,  ризашылығын білдіріп, музейдің атынан ерекше сыйлық ұсынды.

                                                          Бота Болатова.