Мұғалiм мәртебесiн көтеруге арналған заңның қабылдануын жұртшылық қуана қабылдағаны белгiлi.

Осыған орай, жемiстi қызмет атқарып жүрген оқытушылардың еңбегiне деген сый-құрметтi Шардара ауданының әкiмi Қайрат Жолдыбай жасады. Дәлiрек айтатын болсақ, облыстық байқауда шәкiрттерi жеңiс тұғырынан көрiне бiлген ұстаздар мен озат оқушыларды аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай арнайы қабылдап, жетiстiктерiмен құттықтады. Елiмiзде қабылданған педагогтар туралы заңның мән-маңызын атап өткен  аудан басшысы шәкiрт тәрбиелеу iсiнде талмай iзденiспен еңбек етiп, мектептерiнiң мерейiн асырған мұғалiмдердiң еңбектерiне жоғары баға берiп, оларға Алғыс хаттар табыс еттi. Атап айтар болсақ, шәкiрттерi облыстық олимпиадада жеңiмпаз атанған Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы жалпы орта мектебiнiң қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi Жанар Әкiмова, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебiнiң орыс тiлi пәнiнiң мұғалiмi Мақпал Сапарова, «Шардара» мектеп-лицейiнiң орыс тiлi және Қазақстан тарихы пәндерiнiң мұғалiмдерi Жансұлу Ходжаниязова, Болсынай Есентөреева, Гүлмира Кәттабекова, «Қызылқұм» жалпы орта мектебiнiң физика пәнiнiң мұғалiмi Мәдина Бимырза,  М.Горький атындағы жалпы орта мектебiнiң орыс тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi Гүлшат Кенжеева, С.Ерубаев атындағы жалпы орта мектебiнiң қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнiң мұғалiмi Зәмира Жәрдембаева аудан әкiмiнiң марапатына ие болды.

Облыстық жалпы бiлiм беретiн пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңiне аудан бойынша 35 оқушы қатысқан болатын. Солардың iшiнде 6 оқушы I, II, III дәрежелi дипломмен марапатталып, 2 оқушы арнайы номинацияға ие болды. Олимпиаданың республикалық кезеңiне 2 оқушы жолдама жеңiп алды.  Атап айтар болсақ, I дәрежелi дипломмен Құрманғазы Сағырбайұлы атындағы жалпы орта мектебiнiң 10 сынып оқушысы Аружан Балтабай қазақ тiлi мен әдебиетi пәнiнен I дәрежелi диплом, М.Әуезов атындағы жалпы орта мектебiнiң 11 сынып оқушысы Ақерке Мұсабекова орыс тiлi мен әдебиетi пәнiнен II дәрежелi диплом иелендi. Ал «Шардара» мектеп-лицейiнiң үш бiрдей оқушысы, атап айтар болсақ, 10 сынып оқушысы Айнұр Махмұд орыс тiлi мен әдебиетi пәнiнен, 10 сынып оқушысы Гүлназ Базарбай Қазақстан тарихы пәнiнен, 9 сынып оқушысы Ақбота Жұмахан Қазақстан тарихы пәнiнен III дәрежелi диплом, «Қызылқұм» жалпы орта мектебiнiң 10 сынып оқушысы Сымбат Амангелдi физика пәнiнен III дәрежелi диплом иелендi.  М.Горький атындағы жалпы орта мектебiнiң 10 сынып оқушысы Айсұлу Демесбек орыс тiлi мен әдебиетi пәнiнен «Жастар» номинациясын, С.Ерубаев атындағы жалпы орта мектебiнiң 9 сынып оқушысы Диана Әбдiназар қазақ тiлi және әдебиетi пәнiнен «Жас тiлшi» номинациясын жеңiп алды.

Облыс бойынша жүзден жүйрiк шыққан осынау оқушыларға аудан әкiмi Қайрат Жолдыбай бағалы сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс еттi.

Аудан әкiмiнiң баспасөз қызметi.