Парламент Мәжiлiсiнiң депутаты, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшесi Құдайберген Ержан Шардара ауданына арнайы iссапармен келдi.
Құдайберген Төлепұлы алдымен «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының ғимаратында тұрғындарды жеке мәселесiмен қабылдап, өтiнiш-тiлектерiне құлақ түрдi.
Қабылдауға бiрiншi болып жазылған 3 баланың анасы, қала тұрғыны Әйгерiм Әлиакпарова жаңа форматтағы әлеуметтiк көмек туралы сұрады. Сүткент ауылындағы Т.Тәжiбаев атындағы жалпы орта мектебiнiң директоры Бақытжан Жанболатов болса аудандық тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтердiң сапасы мен қауiпсiздiгiн бақылау басқармасы тарапынан аудан мектептерiне салынатын айыппұл көлемiнiң мөлшерiн төмендету туралы Үкiметке ұсыныс берiп, ықпал жасауын өтiндi. Қала тұрғыны Әдiлет Қуаныш шекаралық аймақтағы Ахмет ата елдi мекенiнде мал шаруашылығымен айналысатын тұрғындарға қару-жарақ қолдануға тыйым салынуына орай, аң-құстар зардаптарын тигiзiп жатқандығын жеткiздi. Көксу ауылынан келген «Кеншiм Б» шаруа қожалығының төрағасы Бекмағамбет Кеншiмов Халықаралық қайта құру және даму банкi несиесiмен ауданда «Ирригациялық және дренаждық жүйелердi жетiлдiру» жобасының II кезеңiн («ПУИД – 2») iске асыруды бақылауға алып, толық аяқталуына ықпал жасауды, сондай-ақ, осы жобаның жаңадан басталатын III кезеңiн iске асыруға жәрдем беруiн сұрады.
Тұрғындардың талап-тiлектерiн мұқият тыңдап, өзiне жазып алған Мәжiлiс депутаты олардың әрқайсысына тұщымды жауаптар қайтарды. Жаңа форматтағы әлеуметтiк көмек жайлы сұраған Ә.Әлиакпароваға 2020 жылы кедейшiлiк шегi өзi мен үш бала үшiн 83288 теңгенi құрайтынын, егер де табыс осы сомадан төмен болған жағдайда әлеуметтiк көмек тағайындалатынын түсiндiрдi. Сонымен бiрге, айыппұл мөлшерiн төмендету жайлы өтiнiш айтқан Бақытжан Жанболатовқа алдымен өзiмiз заң бұзушылыққа жол бермеуiмiз керектiгiн, егер де мектепте бiр оқушы салғырттықтың салдарынан жазымға ұшырап қалса, оның өтеуi ешқандай сомамен де өлшенбейтiнiн айтып бердi. Басқа да тұрғындарға тиiстi жауаптар қайтарылды.
Мұнан кейiн Құдайберген Ержан Шардара су қоймасы бөгетiн және Қызылқұм каналын жөндеу жұмыстарымен, Шардара-Арыс тас жолындағы асфальт төсеу жұмыстарымен танысты. Әсiресе, кейбiр мердiгерлердiң сапасыз жұмыстары жайлы хабардар болған Мәжiлiс депутаты өзiне хат арқылы мәлiмет берудi сұрап, оларға тиiстi шара көрiлетiнiн айтты.
– Өздерiңiздi толғандырып жүрген кез келген мәселенi хатқа түсiрiп, маған жолдауларыңызға болады. Солардың iшiндегi ең өзектi деген мәселелердi iрiктеп, «Nur Otan» партиясы арқылы Президентке жiберемiз, – дедi Құдайберген Төлепұлы.
Мәжiлiс депутатының жеке қабылдауында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бiрiншi орынбасары Ерғали Қарымсақов, аудан әкiмiнiң орынбасарлары Нұрмахан Сапаров пен Ағатай Тәженов, басқа да бiрқатар тиiстi бөлiм басшылары болып, нысандарды бiрге аралады.
Аудан әкiмiнiң баспасөз қызметi.