1 қазан – Халықаралық қарттар күні. Бұл күн біздің аға буынға ризашылығымызды білдіріп, шынайы көңіл бөлуімізге мүмкіндік беріп қана қоймай, олардың қажеттіліктеріне назар аударуға жақсы себеп. Қарияларды қолдау, оларға қамқорлық көрсету – аға буынға көрсеткен парызымыздың аз ғана бөлігі. Қазақ халқының дәстүрінде үлкенді сыйлап, ақылын тыңдап, алдынан кесе көлденең өтпеген.

Елімізде қарт адамдарға деген қамқорлық жыл сайын артуда. Бұл үрдісті Шардара қаласының әкімдігі үзбей жалғастырып келеді. Аталған мереке қарсаңында қала әкімі О.Айдосов қаламыздағы жастары 90-нан асқан қарт кісілердің жағдайымен танысып қайтты. Қала әкімі аталған жылы жүзді жүздесулер барысында қарттармен емен-жарқын әңгіме-дүкен құрып, оларға азық-түлік себеттерін табыстады. Мереке қарсаңында жағдайын сұрай келгендерге қуанған қарттар өз кезектерінде жақсы тілектерін айтып, алғыстарын білдірді. Аталған шараға «Әлихан» сауда орталығының директоры Қ.Кәрібаевтың демеушілік еткенін де айта кеткіміз келеді.

Қарттарымыз аман, еліміз тыныш болсын.

Ұ.Смайылова, Шардара қаласы әкімі аппаратының бас маманы.