«AMANAT» партиясының съезінен соң жастарға қолдау білдіру, білімдерін арттыру, еңбекқорлық пен Отансүйгіштікке баулу мақсатында қолға алынған «AMANAT AQYLMAN» білім бәйгесі Шардара ауданында жалғасын тапты.

«AMANAT» партиясы Шардара аудандық филиалының ұйымдастыруымен өткен интеллектуалды ойынға 17 команда қатысты. Ойын басталар тұста партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ережеп Бекет ойыншылардың белсенділігіне алғысын жеткізіп, сәттілік тіледі.

Зияткерлік сайысқа мұғалімдер, бастауыш партия ұйымдарының төрағалары, оқушылар, түрлі сала өкілдерінен құрылған топтар қатысып, өзара бақ сынасты. Білім мен шапшаңдықты қатар талап ететін сайысқа партияның аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ережеп Бекет, аудандық «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Сәбит Лаханов, аудандық тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі Нұрлан Смайыловтар төрелік етті.

Жарыс 4 кезеңнен тұрып, әр кезеңде түрлі салаға байланысты сұрақтар қойылды. Атап айтқанда тарих, әдебиет, спорт, ұлттық дәстүрден бастап логикалық тапсымалар ойынды ширата түсті.

Тартысқа толы өткен зияткерлік ойынның қорытындысына сәйкес Б.Соқпақбаев атындағы ЖОМ-нан құралған «Ұлағат» командасы 3-орынды иеленді. Ал, Ш.Уәлиханов атындағы ЖОМ командасы 2-орынға жайғасты. Төрт кезеңнің нәтижесінде Шардара қаласының «Ай-Білім» командасы сайыс жеңімпазы атанды. Жеңімпаздар алдағы уақытта өтетін облыстық сайысқа жолдама алды.

Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды. 

Өз тілшімізден.